Еліміздегі қысқы демалыс орындары: Алтайдан Түркістанға дейінгі 7 бағыт

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның қысқы туристік маусымы саяхатшыларды алуан түрлі ландшафттарымен, белсенді және тыныш демалысқа лайық мүмкіндіктерімен тартады. Осы ретте «Kazakh Tourism» ҰК басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниель Сержанұлы қыста саяхаттауға ыңғайлы бірнеше бағыт ұсынды.

қысқы демалыс, саяхат
Фото: Kazakh Tourism

Қысқы маршрутқа тау шаңғысы курорттарын, ұлттық парктерді және ерекше атмосфера сыйлайтын табиғи нысандарды қосуға болады. 

Шығыс Қазақстан: Алтайдың қысқы маршруттары

Қыс мезгілінде Алтайдың көркі айрықша жарқырайды. Өңірде шаңғы трассалары да, тыныш табиғат аясында демалғысы келетіндерге арналған бағыттар да бар. Соның бірі — Алтай Альпілері. Биыл Өскеменге жақын маңда орналасқан «Нұртау» тау шаңғысы кешені қайта жұмысын бастайды. Ол облыс орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан, қысқы демалыс пен шағын саяхаттарға ыңғайлы орын.

Альпықысқы демалыс, саяхат
Фото: Kazakh Tourism

Сонымен қатар өңірге келгендер Риддер қаласына да бара алады. Мұнда табиғаты көркем Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы орналасқан. Қорық маңында да шаңғы базалары бар.

Оған қоса, Қатонқарағай өңірі қалың қарағайлы ормандарымен, Алтайдың панорамалық көріністерімен және қысқы жорықтарға қолайлы маршруттарымен танымал. Қар басқан ормандар, мұз құрсауындағы өзендер, әсіресе қыс түсе ертегіге айналатын Коробиха ауылы — тыныштықты қалайтындарға таптырмас орын.

Катон-Карагайский нацпарк
Фото: Катон-Қарағай ұлттық паркі

Алматы: қысқы белсенділіктің орталығы

Табиғат аясындағы демалыс пен қалалық инфрақұрылымды біріктіргісі келетіндер үшін Алматы — үздік бағыттардың бірі. Қала және оның маңында қысқы маусымда ұсынылатын түрлі белсенділік бар:

Алматы зима сноубордисты қыс
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Oi-Qaragai тау курорты — қысқы демалыстың танымал локацияларының бірі. Мұнда әртүрлі белсенділіктерге жағдай жасалған. Қарағайлы ормандар мен қарлы беткейлердің арасында жаңа туристік нысан — аспалы көпір ашылды. Ол қазірдің өзінде экстремалды демалысты ұнататын туристердің назарын аударып отыр.

— қалалық гастрономиялық орындар мен заманауи музейлер.

Бурабай: «Қазақстанның Швейцариясы»

Щучинск-Бурабай курорт аймағы қыста тыныш демалысты қалайтындарға өте қолайлы мекен. Қалың қарағайлы ормандар, таза ауа, тау-жартастар өңірге ерекше қысқы келбет береді. Бұл жерде қыста шаңғы және сноуборд, тюбинг, қарда жүретін шағын көліктер, ат шанамен серуен, қарағайлы ормандағы жаяу бағыттар қолжетімді.

Боровое деревья лес природа Бурабай ағаштар орман табиғат
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Бұл аймақта орналасқан Orman Ski Resort шаңғы кешені әртүрлі деңгейге арналған бірнеше трассамен жабдықталған. Кешенде көтергіштер және кешкі уақытта сырғанауға мүмкіндік беретін жарықтандыру жүйесі бар.

Баянауыл: қысқы көркем табиғат

Баянауыл ұлттық паркі қыста ерекше сұлулыққа бөленеді. Қар жамылған тау жыныстары, қарағайлы ормандар және мұз қатқан көлдер фототурларға да, отбасылық сапарларға да қолайлы. Бұл өңірде қысқы демалыс түрлеріне қысқы жорықтар, табиғи ландшафттар арасында фотомаршруттар, қысқы шаңғы тебу кіреді.

Баянауыл ұлттық паркі
Фото: kazpravda.kz

Шарын шатқалы: өзгеше форматтағы қысқы сапар

Шарынға көбіне жылы маусымда барады, алайда қыста шатқал ерекше түстерге боялады. Қысқы жарық жұмсақ әрі таза болғандықтан, ең әдемі кадрлар әсіресе таңсәріде шығады.

Шарын шатқалы
Фото: Қр Спорт және туризм министрлігі

Бұл сапарды Шонжыдағы ыстық бұлақтарға барумен аяқтауға болады. Қарлы табиғат аясында ашық аспан астындағы термалды су, қысқы саяхаттың әдемі жалғасына айналады.

Түркістан: жұмсақ климат пен мәдени орталықтар

Жылы өңірлерде демалғанды қалайтындар үшін Түркістан — қыста жайлы климат ұсынатын аймақ.

Баруға ұсынылатын нысандар:

Туркестан Мавзолей Ходжа Ахмеда Яссави Түркістан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

— Қожа Ахмет Ясауи кесенесі (ЮНЕСКО нысаны)
— Karavansaray туристік кешені
— жаяу жүргінші аймақтары мен музейлер.

Еске сала кетейік, Қазақстанның көрікті туристік ауылдарының бірі Коробиха саяхатшылар арасында тартымды бағытқа айналып отыр.

Сонымен қатар Ұлытауда туризм саласына 3 млрд теңге инвестиция тартылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар