Қазақстандағы креативті индустрия: Астана мен Шымкент тәжірибесі
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде креативті индустрия кәсіпкерлерінің саны жыл сайын артып келеді. Оған дәлел – қазіргі таңда Қазақстандағы креативті секторларда ресми түрде 143 600 адам жұмыс істейді.

Елімізде әсіресе халықтық қолөнершілер көп. Қолөнермен айналысатын кәсіпкерлер саны жағынан Алматы алғашқы орында. Одан соң Астана, Шымкент және Түркістан облысы көш бастап тұр. Ал ең көп еңбек ресурсын қажет ететін бағыттар — IT, сәулет өнері мен сән индустриясы, мәдени-демалыс мекемелері, кітапханалар мен музейлер, халықтық қолөнер салалары екен. Қазірге дейін Қазақстанда 45 597 субъект тіркелген. Олардың 2 мыңнан астамы Шымкент қаласында қызмет етеді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылдың 17 мамырында Шымкент қаласының креативті хабын аштық. Статистикаға сүйенсек, бүгінде Шымкент қаласында 2320 креативті кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде жеке тұлға — 1824, заңды тұлға — 496. Қаламызда кәсіпкерлер палатасы негізінде Креативті индустрия қауымдастығы құрылған. Қазіргі таңда оның құрамында 150-ден астам кәсіпкер бар, — дейді Шымкент қаласы Креативті индустрия және маркетинг бөлімінің басшысы Еркін Тазабек.
Шымкент қаласы Креативті индустрия және маркетинг бөлімінің басшысы жаңадан ашылған орталықтың мақсатын түсіндірді.
— Шымкент креативті хабының басты мақсаты — осы салада жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерді бір орталыққа шоғырландыру және тегін алаңмен қамтамасыз ету. Біз креативті индустрия саласында жұмыс істегісі келетіндерге өз жобаларын жүзеге асырып, өнім жасап, сол жерде сатуына мүмкіндік береміз, — дейді маман.
Креативті хабта осы салада жұмыс істеймін деген кәсіпкерлерге бар жағдай жасалған.
— Хаб 4 қабатты ғимаратта орналасқан. Төменгі қабатында елімізге танымал «Saq» киностудиясы, 1-қабатта Show room аймағы бар. Онда келген кәсіпкерлер өз өнімдерін қойып, сата алады. 2-қабатта арнайы жұмыс аймағы орналасқан. Осы салада ресми тіркелген кез келген кәсіпкер бұл жерде келіп жұмыс істей алады. Қазіргі таңда хабта 10 кәсіпкер жұмыс істеп жатыр. Біз апта сайын жұмыс жоспарын бекітіп, әр кәсіпкерге KPI қоямыз. Олар аптасына екі рет тегін шеберлік сағатын өткізуі тиіс. Бұл өзге кәсіпкерлерді тартуға мүмкіндік береді. Хаб ашылғалы бері 20-ға жуық іс-шара ұйымдастырылды, — дейді Еркін Тазабек.
Креативті индустрияның дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің бірі — астаналық Арнұр Мәденов. Ол балалардың дарынын ашып, креативтілік дағдыларын дамытатын Қазақстанда мүлде кездеспейтін жаңа форматтағы мектеп ашқан.

— Мектепті ашар алдында көптеген қазақстандық оқу орындарын араладық. Көпшілігі бір ғана бағытқа басымдық беріп, баланы жан-жақты дамыта алмайтынын байқадық. Ал біздің мектебіміздің ерекшелігі — концепциясының мүлде жаңа болуында. Мұнда 4 бағыт бар: музыка, арт, digital және STEM. Мектебіміздің басты миссиясы — баланың табиғи дарынын ашу. Бала мектепке келгенде өзін еркін сезінуі керек. Бізде баланың психологиясына жайлы жағдай жасалған, — дейді мектептің бас директоры.
Креативті мектеп балалардың бойына заманауи және қазақы құндылықтарды қоса дарытады екен.
— Бізде бала түске дейін академиялық бағдарлама, ал түстен кейін қосымша сабақтарға қатысады. 4 бағыттың да дәмін татып көреді. 5-сыныптан бастап өзі қалаған бағытты таңдап, 11-сыныпқа дейін сол бойынша терең білім алады. Мектепті аяқтаған соң орта білімді маман болып шығады. Бізде әр дүйсенбі күні — Мемлекеттік Әнұран айтылады. Ал әр сәрсенбі — «Ұлттық киімдер күні». Бұл күні мектептегі барлық ұстаз бен оқушы ұлттық киіммен жүреді. Заманауи мектеп ретінде біз құндылықтарды дәріптеуге де ерекше көңіл бөлеміз. Сыйластық, этика, қазақилық және баланың креативтілігін дамыту — басты назарда. Себебі креативтілік — абстрактілі ұғым емес. Ол математика, музыка секілді кез келген салада көрініс табады, — дейді Арнұр Мәденов.
Айта кетейік, бүгінде елімізде жалпы ішкі өніміндегі креативті индустрияның үлесі небәрі — 1,02 пайыз.