Еліміздегі мемлекеттік архивтерге жеке деректерді қорғау функциясын беру ұсынылды

АСТАНА.KAZINFORM – ҚР Парламенті Мәжілісінің салалық комитеттері халықаралық келісімдерді ратификациялау және архив ісі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар заң жобасын қарады. 

Қазақстандағы мемлекеттік архивтерге жеке деректерді қорғау функциясын беру ұсынылды
Фото: freepik

Талқылауға шығарылған құжаттар қатарында мыналар бар:

– ТМД-ға мүше мемлекеттердің радиациялық ахуалды мониторингілеу деректерін алмасу жөніндегі келісімі; 

– Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісім;

– Түркі мемлекеттері ұйымының азаматтық қорғау тетігін құру жөніндегі келісімі.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Аталған құжатта «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңның қолдану аясын кеңейту көзделген. Яғни архивтік құжаттарды қалыптастыру, сақтау және пайдалану тәртібі нақтыланып отыр.

Ұлттық архив қорының құрамына жобалық-сметалық құжаттама, тәжірибелік-конструкторлық және қала құрылысына қатысты құжаттар, сондай-ақ сызбалар мен мәтіндік материалдарды енгізу ұсынылды. 

Мәжіліс комитетінің төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заң жобасында мемлекеттік архивтердің азаматтардың жеке деректері мен құпия ақпараттарының қорғалуын қамтамасыз ету функциясы бекітіледі.

– «Бірыңғай электрондық құжаттар архивы» жүйесі арқылы электрондық мұрағатты жүргізу тәртібі реттелді. Сондай-ақ Ұлттық мұрағат қорының құрамына құжаттарды енгізу, оларды сақтау және меншік құқығы тәртібі нақтыланды, - деді депутат.

Бұған дейін Мәжіліс архив қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартатын заң жобасын қарайтынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар