Қазақстандағы моноқалалар қандай күйде
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жыл бірқатар моноқала үшін жаңғыру кезеңі болды: инженерлік желілер жөнделді, инвестиция ауқымы өсті. Алайда негізгі салаларда әлі атқарар жұмыс көп, қалалар жаңа даму моделіне көшуден гөрі, инфрақұрылымдық тәуекелдерді азайтуға көбірек мән беруде. Kazinform агенттігінің тілшісі моноқалалардың тыныс-тіршілігін талдады.
Рудный
Рудный — өнеркәсібі орнықты, тау-кен саласына тәуелді Қазақстандағы ірі моноқаланың бірі. Қаланың халық саны 123,1 мың адамға жетті. Рудный экономикасы темірді өндіру мен өңдеуге негізделген, алайда соңғы жылдары өндіріс құрылымында өңдеу өнеркәсібі мен оған сабақтас салалардың рөлі біртіндеп артып келеді.

Рудный қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мәліметінше, қалада өндірілген өнеркәсіптік өнім көлемі – 709,4 млрд теңге – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1%-ға жоғары. Негізгі үлес бұрынғыдай тау-кен саласына тиесілі екен, мұнда 528 млрд теңгеден астам өнім шығарылған.
Өткен жылы өңдеу саласының жекелеген сегменттері айтарлықтай өсім көрсетті. Темір кені концентраты, шекемтас, металлургиялық және құрылыс өнімдері, күнделікті тұтыну тауарларының өндірісі артып келеді. Аталған көрсеткіш өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін ұлғайтып, кен өндіру мен өңдеу арасындағы дисбалансты азайтуға мүмкіндік беруде.

Қаланың серпілісіне құрылыс саласы ықпал етіп отыр. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 37 млрд теңгеден асты. Нәтижесінде мектептер (оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы бір мектеп), дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, тұрғын үйлер, сондай-ақ сауда және өндірістік нысандары көбейген.
Сонымен қатар жылу және су құбырлары желілерін қайта жаңғырту, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 11 айда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 55 мың шаршы метрден асқан, өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30%-ға жоғары.
– Негізгі тұрғын үйді пайдалануға беру жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етілді, сонымен қатар жаңа көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, қалада қараусыз қалған көпқабатты үйлер мен ғимараттар қалпына келтірілді: 2023-2024 жылдары 14 көппәтерлі тұрғын үй (698 пәтер) қайта жаңғыртылды, қалпына келтірілді, кейбірі жаңадан салынды. Олардың басым бөлігі кезекте тұрған азаматтарға берілді. Бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру мақсатында екінші жыл қатарынан көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырын жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Кейінгі екі жылда 33 үй жөнделді, оның ішінде биыл 11 үй жаңартылды, – деп хабарлады ведомство редакция сауалына берген жауабында.

Қиындықтарға қарамастан, қалада саудада өсім бар. Бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 101 млрд теңгеден асты, ал көтерме сауда көлемі шамамен 89 млрд теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда айналымдағы қаражат 8,4 млрд теңгеге артқанын байқаймыз.
– Өзгерістің негізгі драйвері қызмет көрсету саласы, құрылыс материалдарын өндіру, қалдықтарды қайта өңдеу, сауда және қонақүй бизнесі бағытындағы жобалар болды. Жыл басынан бері жалпы құны 5,9 млрд теңгеден асатын 11 инвестициялық жоба іске асырылып, 318 жұмыс орны құрылды: бетон өндіру жолға қойылды, құрылыс материалдары мен темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт салынды, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған кешен әзірленді, резинотехникалық бұйымдарды кәдеге жарату өндірісі жаңғыртылды, апарт-отель мен сауда орталықтары ашылды, – делінген салалық құрылымның жауабында.

Рудный қаласындағы жобаларды қаржыландыру жеке қаражаттар есебінен жүргізілуде Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 56,1 млрд теңгені құраған, оның шамамен 89%-ы кәсіпорындар, ұйымдар мен халықтың қаражаты есебінен қамтамасыз етіліпті. Бюджеттік қаражаттың үлесі шектеулі, ол қаржы көбіне инфрақұрылымдық әрі әлеуметтік жобаларға бағытталып отыр.
2025 жылы қалада өнеркәсіп, құрылыс және қызмет көрсету салаларында жұмыспен қамтылғандар саны артқан. Жұмыспен қамтудың өсуі инвестициялық жобалардың іске асырылуымен қатар тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың белсенді салынуына байланысты деп топшылаймыз. Мысалы, кәсіпкерлікті қолдау үшін гранттар, субсидиялау жүзеге асырылуда, бұл шағын бизнестің дамуына мүмкіндік беріп келеді. Алайда шағын кәсіпкерлік әлі де болса қаладағы ірі өнеркәсіпке тәуелді.

Қазір шаһар экономикасындағы басымдық өзгере бастаған. Соңғы үш жылда жалпы өндіріс көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,2%-дан 21,9%-ға дейін өссе, тау-кен өндіру секторының үлесі 9%-ға қысқарды. Демек қала ірі кәсіпорынға тәуелділіктен біртіндеп арылып келе жатқанын көрсетеді.
Ескеретін жайт, моноқаланың өзге мәртебеге көшуі үшін қаладағы негізгі өнеркәсіптің үлесі жалпы өндіріс көлемінің 20%-ынан аз болуы тиіс. Қазіргі экономикалық құрылым мен жүзеге асырылып жатқан жобалардың ауқымын ескерсек, мұндай сценарий жақын жылдары орын алуы екіталай.
Құлсары
Құлсары моноқаласының халқы шамамен 84 мың адамды құрайды, олардың 64 мыңнан астамы қаланың өзінде тұрады.
Атырау облысы Жылыой ауданы әкімдігінің редакцияға берген мәліметіне сүйенсек, соңғы бір жылдағы өзгерістер коммуналдық және энергетикалық желілерді жаңарту арқылы жүзеге асқан. Бүгінде шаһарда газбен қамту — 100%, сумен қамту — 99,3%, электрмен қамту — 100%-ға жетті.

Дегенмен, қалада кәріз жүйесі мен экологиялық мәселеде олқылық көп. Қаланың 40%-ы орталықтандырылған канализациямен қамтылғанғанымен, қалған ағынды сулар қаладан 12 шақырым жердегі буландыру алаңына жіберіледі. Осыған байланысты тәулігіне 10 000 м³ сыйымдылығы бар канализациялық тазарту станциясын салу жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспарланған.
Бұған қоса магистралдық кәріз желілері мен су құбырын жаңарту жүргізілуде. Сонымен қатар сыйымдылығы тәулігіне 18 000 м³ құрайтын ауыз су тазарту станциясын салу, төрт ықшам ауданға су көтеру насос станцияларын орнату жұмыстары қолға алынған. Қазіргі уақытта жұмыстардың 80%-ы орындалған.
– Тұрғын үй саласында негізгі мәселе – апатты қор. 2024 жылы 126 көппәтерлі тұрғын үйге техникалық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 97 үй апатты деп танылды. 2025–2029 жылдарға арналған апатты тұрғын үйлерді бұзуға арналған жол картасы бекітілді. Қазіргі таңда 9 апатты үй бұзылды. 2021–2024 жылдар аралығында 19 апатты үйдің 224 пәтер иесі жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деп түсіндірді ведомство.

2025 жылы қаладағы әлеуметтік өзгерістер білім беру, спорт және денсаулық сақтау салаларында орын алды. Қазір «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 1200 орындық мектеп салынып жатыр. Сонымен қатар 2026 жылы пайдалануға берілуі жоспарланған 300 орындық инновациялық мектептің құрылысы басталды.
Өткен жылғы ең маңызды өзгерістің бірі — абаттандыру және жаңарту жобалары. 18 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті мен шатырлары күрделі жөндеуден өткізілуде.
Құрсай өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары аяқталды: жаяу жүргінші жолы жаңарып, мыңдаған көшет отырғызылды және орындықтар, қоқыс жәшіктері, шамдар орнатылды. 80 жаңа автобус аялдамасы мен 5 жылы аялдама салынды, биыл қосымша тағы 30 аялдама бой көтереді.

– Еңбек нарығы қалыпты. Өткен жылы 3 470 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 2 290-ы тұрақты, 1 180-і уақытша. Жұмыс орындары негізінен құрылыс, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, білім беру, қызмет көрсету және сауда салаларында ашылды. Теңіз кентінде газ өңдеу және полимер зауытын салу жобасы іске асырылуда, ол болашақта шамамен 1 700 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, — деп хабарлады Жылыой ауданы әкімдігі.

Жалпы алғанда Құлсарыдағы өзгерістер түрлі сипатқа ие. Жүйелі шаралар коммуналдық және жол инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған. Ал жекелеген іс-шаралар нақты әлеуметтік және құрылыс мәселелерін шешуге арналған.
Мұның барлығы қаланың кезең-кезеңімен жақсарып келе жатқанын білдіргенімен, алайда моноқала мәртебесін жақын арада өзгертуге ықпал етпейтін секілді.
Риддер
Риддер қаласының халқы 50 мыңнан асады. Экономикасы моноқұрылымды: өнеркәсіп өндірісінің шамамен 75%-ы металлургия саласына тиесілі, ал негізгі жұмыс беруші — «Қазцинк» ЖШС, онда қаланың экономикалық белсенді тұрғындарының төрттен бір бөлігі жұмыс істейді.
Өңдеу өнеркәсібі жалпы өнеркәсіп өнімінің 90%-н құрайды. Бұл қаланың сыртқы экономикалық өзгерістер мен сұраныстағы өзгерістерге дайын емесін білдіреді.

– Өткен жыл Риддер үшін бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштің өсімімен есте қалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар, құрылыс жұмыстары, бөлшек және көтерме тауар айналымы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісі артты. Аталған дерек құрылыс, қызмет көрсету және сауда салаларындағы белсенділікті көрсетсе де, қаланың экономика құрылымын түбегейлі өзгерткен жоқ, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы әкімдігі.
Қаладағы өзгерістер әлеуметтік инфрақұрылымда анық байқалады. Қалада ірі медициналық кешен — емхана мен стационар құрылысы бітуге таяу. Құрылыс жұмысы бітсе, тұрғындарға медициналық көмек алу үшін облыс орталығына барудың қажеті жоқ.
Риддерде жаңа мектеп салу, тұрғын үй жобаларын іске асыру ісі қарқынды. Бұл жұмысқа бюджет қаражаты да, кәсіпорындардың жәрдемі арқылы да қаржы тартылған. Бірақ тұрғын үйлер саны әзір көңіл көншітпей отыр.

Жауапты мамандардың түсіндіруінге, Риддер қаласындағы еңбек нарығы тұрақты күйде, алайда кейінгі жылдары жұмыспен қамту құрылымы айтарлықтай өзгермеген. Негізгі жұмыс орындары өнеркәсіпте, құрылыс және қызмет көрсету салаларына шоғырланыпты.
Әрине, өткен жылы жұмыс орындарының саны артқан, әйтсе де олардың көпшілігі уақытша және жобалық сипатта. Оған қоса еңбек мобильділігін арттыру және қайта оқыту шаралары жүзеге асқан, алайда бұл қадам жұмыспен қамту кластерлерін қалыптастыра алмай отыр.
Шағын және орта бизнес саласында қалақұраушы кәсіпорынға тәуелділік жоғары: Шағын және орта бизнестің елеулі бөлігі мердігерлік және сервистік компаниялар форматында жұмыс істейді.
Өңдеу өнеркәсібі, туризм және қызмет көрсету салаларында жекелеген инвестициялық жобалар жүзеге асырылғанына қарамастан, экономиканы әртараптандыруы әлі шикі. Қаланың туристік әлеуеті дамып келеді, алайда оның жалпы экономикадағы үлесі аз.
Қазіргі таңда қала бейімделу траекториясы бойынша қозғалып келеді. Ұзақмерзімді өзгерістерге сыртқы факторлар мен инвестициялық динамика тежеу беріп отыр. Сондықтан жекелеген көрсеткіштер Риддер экономикасында өзгеріс барын көрсетсе де, қаланың моноқұрылымды сипаты өзгере қойған жоқ.
Қаратау
Қаратау – Жамбыл облысындағы моноқала, 1963 жылы құрылған және тарихи тұрғыдан Талас ауданының өндірістік орталығы ретінде қалыптасқан. Жамбыл облысы Талас ауданы әкімдігінің мәліметше, қаланың халқы 28,3 мыңнан асқан.
Қалада экономикалық белсенді тұрғын саны 16,2 мың адам, яғни халықтың 57%-ын құрайды. Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігін жалдамалы қызметкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі аз, ресми жұмыссыздық деңгейі орташа.

2025 жылдың қорытындысына сенсек, Қаратау қаласының бюджетіне 242,5 млн теңге кіріс түскен (өткен жылдан 160%-ға жоғары). Кіріс көлемінің өсуіне өнеркәсіптік қызметтің кеңеюі мен кәсіпкерлік белсенділік әсер еткен. Дегенмен, салық базасының негізгі көзі әлі шектеулі, салдарынан бюджет экономикалық ахуалға тым тәуелді.
Қаратаудағы өзгерістердің басты бағыты – инфрақұрылым. Қалада кешенді даму жоспары аясында көше-жол желісіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, жекелеген көшелер қайта жаңғыртылды, жол жабындысын қалпына келтіру басталды.

– Жарықтандыру қолға алынды, қазіргі уақытта көшелердің көп бөлігі жарықтандырылған, шамамен тағы 40 көшеге жарық қажет. Қала іс жүзінде ауыз сумен толық қамтамасыз етілген, жылу және инженерлік желілер жаңғыртылуда, қазандық шаруашылығын қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Соған қарамастан, кәріз жүйесі және тазалықта кемшілік бар – олар ортамерзімді перспективаға жатқызылды, – деп түсіндірді ведомство.
Қаратауда аулаларды абаттандыру, балалар мен спорт алаңдарын орнату, қоғамдық орындарды жаңарту жобалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Жергілікті билік абаттандыруға ерекше назар аударып келеді. Қалада ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды абаттандыру, көшеттерді суару, парктер мен скверлерге күтім жасау жүйеге түскен. Өткен жылы абаттандыру аясында 10 мыңнан астам көшет отырғызылған. Су тапшылығына қарамастан, жасыл желектерді суару үшін бір артезиан құдығы және екі насос станциясы орнатылды, сонымен қатар қаладағы бес аймақта қосымша ұңғымалар қазылған.
Өнеркәсіп саласында Қаратауда инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр, оның ішінде химия саласында — натрий пиросульфатын өндіру жобасы іске қосылды. Жаңа өндірістер салық базасын кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берсе де, аталған жұмыстар экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік бермей келеді.
Моноқалаларға тән ерекшелік, Қаратаудағы өзгерістер де негізінен инфрақұрылымдық сипатта. Бюджет кірісінің өсуі, инвестициялық жобалар халықтың өмір сүру көрсеткішін жақсартты. Бірақ мойындау керек жайт, қала экономикасы моноқұрылымды болып қала береді, сондықтан моноқаланың мәртебесін жақын арада өзгертуге негіз жоқ.

2025 жылғы тәжірибе көрсеткендей: Қазақстандағы моноқалалар радикалды трансформациядан гөрі, сақтықпен бейімделу кезеңіне жақын. Рудный, Құлсары, Риддер, Қаратау – барлығы инфрақұрылымды оңалтуға, коммуналдық желілерді жақсартуға басымдық беріп, әлеуметтік саланы жөнге келтірумен әлек. Бұл өзгерістер өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартып, аумақтың тұрақтылығын арттыратыны анық, дегенмен экономиканы әртараптандыруға көмегі аз.
Әрине, Рудныйдағы өңдеу өнеркәсібі үлесінің өсуі, Құлсарыдағы инвестициялық белсенділік, Қаратаудағы жаңа өндірістердің іске қосылуын оң динамика есебінде қарауға болар еді. Бірақ мұның барлығы әзірге локалды сипатқа ие және негізгі экономикалық салаға толыққанды балама бола алмай отыр. Мәселен, Риддерде көрсеткіштер өссе де, металлургияға тәуелділік сақталған, ал еңбек нарығының құрылымы бір күйде.
Ашық айту керек, 2025 жыл моноқалалар үшін түбегейлі өзгеріс кезеңі болған жоқ, тек тұрақты өсімді ұстап тұруға бағытталды. Инфрақұрылым жаңартылып, қызмет көрсету саласы кеңейіп отыр, алайда даму моделін өзгерту үшін ауқымды инвестициялар мен уақыт қажет. Сондықтан болашақта моноқалалар экономикаға бейімделу жолымен жүре беретіні сөзсіз, ал қалалардың мәртебесін өзгерту мүмкіндігі тым төмен.
Бұған дейін 2025 жыл қазақстандықтар үшін немен есте қалғанын жазған едік.