Қазақстандағы тәжік қауымы 100 пайыз қазақ тілін еркін меңгерген - Акбаржон Исмаилов
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту: диалог және қоғамдық келісім мәдениеті» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қоғамдық келісім, ұлтаралық татулық және азаматтық жауапкершілік мәселелері талқыланды.
Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов KazInform агентігіне пікір білдіріп, елдегі ұлтаралық татулық пен мемлекеттік тілге қатысты ойларын жеткізді.
Оның айтуынша, Алғыс айту күні – тарихи тағдыр тоғыстырған этностардың өзара ризашылығын білдіретін әрі ел бірлігін нығайтатын маңызды күн.
- Біз бүгін Алғыс айту күнін тек мереке ретінде емес, елдігімізді бекемдейтін терең тағзым күні ретінде қарсы аламыз. Ризашылық білдіру – өткеннің өнегесін ұлықтап, бүгінгі бейбітшіліктің қадірін білу. Қазақ жері – талай тағдырды тоғыстырған, талай ұлтқа сая болған киелі мекен. Тарихтың алмағайып заманында тағдыр талқысымен осы өлкеге табан тіреген ата-бабаларымыз қазақ халқының кеңдігі мен бауырмалдығын кеңінен сезіне білді. Өзі де қиындық қыспағында жүрсе де, келгенді жатсынбай, бір үзім нанды бөліп жеу – тек текті халықтың ғана қолынан келетін ерлік деп білемін. Біздің бабаларымыз бұл жерден пана тауып қана қойған жоқ, олар осы топыраққа тамыр жайып, нағыз Отанын тапты, – деді спикер.
Сондай-ақ ол ел бірлігінің маңызын атап өтті.
- Халық қаһарманы, еліміздің даңқты батыры Бауыржан Момышұлы «Бөлінгенді бөрі жейді, бірлігі жоқ ел тозады» деп бекер айтпаған. Достық пен татулық – Қазақстанның әлем алдындағы ең басты байлығы. Бүгінде біздің Егемен еліміз – бір шаңырақ астында жүзден астам ұлт пен ұлыстың мәдениетін, салтын, тілін гүлдетіп отырған теңдессіз мемлекет. Осы орайда, еліміздегі тәжік этносының 100 пайызы мемлекеттік тілді – қазақ тілін еркін меңгергенін зор мақтанышпен айтамыз. Бұл – біздің қасиетті қара шаңыраққа, қазақ рухына деген ең жоғары құрметіміз бен адалдығымыздың белгісі, – деді ол.
Спикердің сөзінше, қоғамдық келісімді сақтау – барша азаматтың ортақ міндеті.
- Бірлік болмай, тірлік болмас – бұл біздің бабалардан қалған бұлжымас қағидамыз. Бүгінгі берекелі бірлігіміз – тек ізгі тілектердің жемісі емес, ол тарихтың тезінен өткен, қиындықта шыңдалған ең асыл қазынамыз. Осынау баға жетпес байлығымызды ертеңгі күннің сын-қатерлерінен қорғау үшін бізге бүгін мызғымас құқықтық іргетас қажет. Сондықтан 15 наурызда өтетін республикалық референдум – біздің бірлігімізді заңмен шегелеп, елдігімізді бекемдейтін тарихи таңдау сәті. Бұл – тек дауыс беру емес, бұл – ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен ортақ болашағымызға деген адалдық анты. Ел тағдыры шешілер шақта жұдырықтай жұмылып, бірлігімізді іспен дәлелдеу — бәрімізге ортақ қасиетті парыз, – деп түйіндеді Акбаржон Исмаилов.
Айта кетейік, Алғыс айту күніне орай астаналық оқушылар ерекше челлендж ұйымдастырды.