Қазақстандағы жасанды интеллект: пилоттық жобалар мен нақты нәтижелер

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын енгізу пилоттық жобалар кезеңінен іске асыру кезеңіне өтіп жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігіне ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлім етті.

ЖИ
Коллаж: Kazinform

Ведомство бұған дейін жасанды интеллект технологиялары бойынша енгізілген пилоттық жобалар келесі кезеңге өтіп, әртүрлі салаларда нақты нәтиже беріп жатқанын айтты. Бүгінде жасанды интеллект мемлекеттік басқаруда, квазимемлекеттік секторда және экономиканың негізгі салаларында белсенді түрде қолданылады.

– Мемлекеттік секторда жасанды интеллектті енгізу әлеуметтік-экономикалық сипатқа ие. Бұл әкімшілік және басқару процестерін жеңілдетуді, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды, сондай-ақ операциялық шығындарды азайтуды қамтиды. Ең сәтті шешімдердің бірі – eGov AI. Бұл қазақ және орыс тілдерінде мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беретін жеке көмекші, - дейді Жасанды интеллект министрлігі мамандары.

Алғашқы жеті айда оның қызметін 439 мың адам қолданған, 1,8 млн астам өтініш тіркелген. Пайдаланушылардың бұл қызметке орташа бағасы – 4 балл, ал жауаптардың дәлдігі 88% шамасында. e-Otinish AI, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін өңдеуге арналған көмекші ретінде қолданылады. Жүйе жыл сайын 4 млн астам өтінішті өңдейді, оның ішінде 700 мыңнан астамы жасанды интеллекттің көмегімен қаралған. Қазір ол 16 мемлекеттік органда енгізіліп, азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу тиімділігін айтарлықтай арттырған. Сонымен қатар QazaqLaw атты зияткерлік жүйе әзірленді. Ол пайдаланушыларға қажетті құқықтық ақпаратты жылдам табуға көмектеседі, заңдардың күрделі баптарын түсіндіреді және нормативтік актілер бойынша сұрақтарға жауап береді. Жүйе Қазақстан Республикасының заңнамалары негізінде жасалған.

Сондай-ақ «Хаттама» атты жаңа қызмет іске қосылды. Бұл жүйе отырыстардың аудиожазбаларын мәтінге айналдырып, олардың негізінде мемлекеттік мекемелерге автоматты түрде хаттамалар дайындайды.

– Енді құжаттарды рәсімдеу жылдамырақ әрі ыңғайлы болады, себебі мәтінді қолмен теріп отырудың қажеті жоқ. Жүйе айтылған ақпаратты дәл жеткізіп, барлық деректерді сақтайды және адам тарапынан кетуі мүмкін қателіктердің алдын алады. Ол отырыс барысында жазба жүргізіп, кейін сол жазба негізінде дайын хаттама жасай алады, - дейді министрліктегілер.

Бұдан бөлек мемлекеттік органдарға арналған қазақ тілінен орыс тіліне автоматты аударма жүйесі енгізілді. Ол бірыңғай техникалық ортада жабық режимде жұмыс істейді.

Министрліктің мәліметінше, сыртқы интернет сервистер қолданылмайды, бұл ақпараттың сыртқа таралу қаупін азайтып, құжаттарды қолмен өңдеу көлемін қысқартты. Нәтижесінде аударма жылдамдығы мен дәлдігі артты. Осы уақытқа дейін 200 мыңнан астам қызметтік құжат аударылған.

Қазақстанда ІТ-мамандар тапшылығы қалай шешіліп жатыр

Ведомство өкілдерінің айтуынша, жасанды интеллект пен цифрлық экономика үшін кадр даярлау бүгінгі басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында министрлік бес жылдық білім беру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұл бағдарлама халықтың цифрлық сауаттылығын арттырудан бастап, арнайы және басқарушылық дағдыларды меңгеруге дейінгі барлық деңгейлерді қамтиды. 2025 жылы 900 мыңнан астам адам оқытылды.
Ал 2026 жылы оқу бағдарламаларын кеңейту жоспарланған. Жасанды интеллектіні білім беру, мемлекеттік басқару және бизнес салаларында қолдануға басымдық беріледі.

Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан бастамалардың қатарында Tech Orda, Tomorrow School, AI Qyzmet, AI Governance 500 және басқа да жобалар бар. Сұранысқа ие ІТ-мамандарды даярлауда Tech Orda бағдарламасы негізгі құралдардың бірі. Ол іске қосылғалы бері 9 мыңнан астам маман даярлықтан өткен. 2025 жылы бұл бағдарламаға қызығушылық артып, 2,6 мыңнан астам қатысушы оқуға қабылданды.

Сонымен қатар Tomorrow School жобасы дамып келеді. Бұл – Қазақстандағы жасанды интеллектке арналған алғашқы мектеп. Мұнда оқыту peer-to-peer моделі негізінде, дәстүрлі дәрістерсіз өтеді. Басымдық топтық жұмысқа және тәжірибелік жобаларға беріледі. Бағдарламаға әртүрлі елдердің студенттері қатысқан, оқу мерзімі 18 ай шақталып, осы уақыт ішінде қатысушылар ондаған тәжірибелік жобаны орындап, заманауи бағдарламалау тілдерін меңгереді.

Халықаралық alem.ai орталығы негізінде TUMO Astana бағдарламасын іске қосу міндеті тұр. Бұл 12-18 жастағы жасөспірімдерді қамтиды және оларды тегін оқытады. Жастар бағдарламалау, дизайн және креативті технологиялар, соның ішінде генеративті жасанды интеллект бойынша білім алады. 

Жоғары білім беру жүйесінде AI Sana бағдарламасы бар. Ол қолданбалы дағдыларды және кәсіпкерлік ойлауды дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта 650 мыңнан астам студент осы бағдарлама бойынша сертификат алған. Бұл цифрлық экономика үшін кадрлық резерв қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік секторға да ерекше көңіл бөлініп жатыр. AI Qyzmet бағдарламасы мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысында – деректерді талдаудан бастап басқарушылық шешімдер қабылдауға дейін жасанды интеллектті қолдануға көмектеседі. Бағдарлама бойынша 50 мыңнан астам мемлекеттік қызметші оқудан өтті.

2026 жылы AI Governance 500 бағдарламасы іске қосылды. Ол мемлекеттік секторда жасанды интеллектті кеңінен енгізу мен дамытуға жауапты басшыларды даярлауға бағытталған. Бағдарлама жасанды интеллект стратегиясы, оны реттеу және технологияларды қолдану этикасы мәселелерін қамтыған.

Жасанды интеллект білім беру саласында да қолданылып келеді: шамамен 300 мың педагог жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу бойынша оқытудан өткен. Бұл оқыту барысын цифрлық ортаға бейімдеуге мүмкіндік береді.

Бизнес үшін AI Corporate бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бизнес үдерістеріне жасанды интеллектті енгізу арқылы автоматтандыру, талдау және басқару тиімділігін арттыру мүмкін болмақ. Бағдарламаны ақпан айынан бастап оқушылардың алғашқы легі тегін меңгеріп жатыр.

Сонымен қатар азаматтарға жасына және тұрғылықты жеріне қарамастан жасанды интеллект дағдыларын меңгеруге мүмкіндік беретін ашық онлайн бағдарламалар дамып келеді. Әртүрлі курстар мен серіктестік жобалар аясында ондаған мың адам жасанды интеллект, деректерді талдау және бағдарламалау бойынша негізгі әрі қолданбалы білім алды.

– Еліміз бойынша 19 өңірлік ІТ-хаб жұмыс істейді. Мұнда азаматтар цифрлық дағдыларды тегін меңгеріп, оны іс жүзінде қолданып үйренеді. Онлайн оқу кез келген жерде отырып білім алуға мүмкіндік береді, - делінген министрлік жауабында.

Министрлік мәліметінше, тұрғындар тарапынан АІ технологияларына жоғары қызығушылық бұл бағдарламалардың өзектілігін көрсетеді. 2026 жылы оларды әлі де кеңейту жоспарланып отыр. Білім беру, мемлекеттік басқару және бизнес үшін тәжірибелік дағдыларды дамытуға басымдық берілмек. Қазақстан жасанды интеллект бойынша жаппай сауаттылықты қалыптастырып, цифрлық экономикаға қажетті мамандарды даярлап жатыр.

Бұған дейін жасанды интеллект өндірістегі қауіптерді алдын ала анықтайтынан жазған едік.

Соңғы жаңалықтар