Қазақстандағы жерасты көздері тәулік сайын 43,2 млн текше метр су бере алатыны анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі Жерасты сулары департаментінің директоры Жайық Ерікұлы ел аумағында пайдалануға жарамды 4803 жерасты су көзі бар екенін мәлім етті. 

Қазақстандағы жерасты көздері тәулік сайын 43,2 млн текше метр су бере алатыны анықталды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

— Қазақстанда ауыз су және техникалық сумен жабдықтау, суару және басқа да мақсаттар үшін пайдаланылатын 4803 жерасты су кен орны барланды. Мемлекеттік баланста тәулігіне 43,2 млн текше метр (жылына 15,7 текше шақырым) пайдалану қоры есептелді. Оның ішінде тәулігіне 1,5 млн текше метрі ғана пайдаланылады. Пайдалану мақсатына қарай жіктесек, ауыз суға жарамды қор тәулігіне 21,2 млн текше метр, өндірістік-техникалық қажеттіліктерге жарамды қор тәулігіне 19,6 млн текше метр су бере алатыны барланды, — деді департамент директоры орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша бұл көз табиғи жолмен қалпына келіп отырады.

— Бұл қордың бәрі толығымен пайдалануға дайын және табиғи жолмен толтырылып отырады, — деді Жайық Ерікұлы.

Бұған дейін Қазақстанның мұнай экспортында Италияның үлесі 42 пайыздан асқанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар