Қазақстандағы 10 ЖОО академиялық еркіндік алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Білім және ғылым министрлігі жасаған заң жобасы бойынша, Қазақстандағы 10 ЖОО академиялық еркіндік алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев хабарлады.
«Қазіргі таңда бакалавриаттық білім беру бағдарламаларының 55%-ын, магистратураның 70%-ын және докторантураның 100 пайызын ЖОО-лар өздері белгілейді. Сондықтан оларға бағдарлама құрастыруда толықтай еркіндік бар», - деді ол журналистердің сұрақтарына жауап беру барасында.
Вице-министрдің айтуынша, заң жобасы білім саласындағы халықаралық стандарттар мен талаптарға сай жасалған. «Осыған қоса, бізде сынақ түріндегі бағдарламалар да бар, мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және басқа да ЖОО-лар. Бірақ заңның жаңа жобасында біз бұл деңгейді біршама кеңейткіміз келеді. Сонда ерекше статусы бар университеттер, яғни 10 ЖОО, академиялық еркіндік ала алады», - деді вице-министр.