Қазақстандағы апта ішіндегі тағайындаулар:Экс-министр жаңа қызметке кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада орталық мемлекеттік органдарда бірқатар ауыс-түйістер болды. Экс-министр Тамар Дүйсенова жаңа қызметке тағайындалды. Ал ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің басшылығына әйел адам келді. Өнер саласындағы тағайындаулар да халықтың назарынан тыс қалмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бұдан екі апта бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Дәл сол мәжілістен кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өз орнын босатты. Ал оның орнына бірден Мәдина Әбілқасымова тағайындалды. Араға тура он үш күн салып, Тамара Қасымқызы жаңа қызметке шақырылды. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен оны партия хатшысы қызметіне қойды. Дегенмен, экс-министр Дүйсенова әлеуметтік саладан көп алыстамайтын тәрізді. Бұны Төрағаның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев та жаңа хатшыны Орталық аппарат ұжымына таныстырғанда ерекше атап өтті.

«Сіздің әлеуметтік саладағы бай тәжірибеңіз партия жұмысына игі әсерін тигізеді деп есептеймін. Себебі, әлеуметтік мәселелерді шешу «Нұр Отан» партиясының басым бағыттарының бірі болып саналады. Сіздің партия қатарына келуіңізбен осы бағыттағы жұмысымызды одан әрі күшейтеміз деп сенемін», - деді М.Әшімбаев.

Ал ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы болып, Наталья Годунова тағайындалды. Айта кеткен жөн, оған дейін аталған қызметті, көбінесе, ер азаматтар атқарды. Олардың ішінде Жақсылық Күлекеев, Омархан Өксікбаев, Аслан Мусин, Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, Нұрмұхамбет Әбдібеков сынды мемлекеттік қызметтің майталмандары бар. Осы жолы Президент аталған жауапты міндетті әйел адамға тапсырып отыр. Наталья Годунова қазынаның барлық шығындарын бақылап, мемлекеттік бағдарламалардың ақшасын тиімді игеру шараларын қадағалайтын болады.

Н.Годунова - Орал қаласының тумасы. Ол 1972 жылы 24 мамырда дүниеге келген. 1993 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын бітірген. Одан кейін Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы академиясында білім алды. Ал еңбек жолына келсек, 1993-1996 жылдары - Орал қаласындағы «Агропромбанк «Орал»-дың экономисі, 1997-1998 ж.ж. - Батыс Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық комитетінің жетекші маманы, басшысының орынбасары, басшысы, 1998-2004 ж.ж. - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің аппараты экономикалық реформа бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы, 2004-2005 ж.ж. - Батыс Қазақстан облысы экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры, 2005-2006 ж.ж. - Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Сауда өкілдігінің экономист-кеңесшісі, 2006-2009 ж.ж. - Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі, 2009-2012 ж.ж. - Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Сауда өкілінің қызметін атқарушы, 2012-2013 ж.ж. - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, 2013-2015 ж.ж. - Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, 2015 -2017 жылдары - «Нұр Отан» партиясының хатшысы, ал 2017 жылы 20 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшеcі лауазымына тағайындалған болатын. 

Осы аптада ҚР Сыртқы істер вице-министрі болған Рәпіл Жошыбаев та жаңа қызметке тағайындалды. ЭКСПО комиссары «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығын басқаратын болды. Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» Экспо-БҰҰ халықаралық орталығының базасында жұмыс істейді. Жаңа орталық «Астана Экспо-2017» көрмесі мұрасының идеологиялық жалғасы болады, сондай-ақ ол «жасыл» экономиканы дамыту саласында әлемдік қауымдастық арасындағы стратегиялық әріптестікті орнатумен айналысады. Сондай-ақ, қазақстандық жобаларға инвестиция тартуға жол ашады.

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Голобурданың қызметі сәл төмендеді. Дегенмен, министр Бейбіт Атамқұлов оған аса жауапты міндет - Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығын тапсырып отыр.

Ал ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Алмас Батановты индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағалығына тағайындады.


ҚР Парламенті Сенаты баспасөз қызметіне жаңа басшы келді. Аталған құрылымға танымал журналист Әділбек Қаба келді.

Біздің тағы бір әріптесіміз Оксана Лоскутова болса, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі болып тағайындалды.

Ал журналист Ольга Горелик «Хабар 24» телеарнасының директоры лауызымына дейін көтерілді.

Ағымдағы аптада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары да тағайындалды. Мемлекет басшының өкімімен аталған қызметті Леонид Прокопенко атқаратын болды.

ҚР Кинематографистер одағының төрағалығына танымал режиссер Ермек Тұрсынов сайланды.

Ал Жеңіс Сейдуллаұлы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры болып тағайындалды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығында да маңызды тағайындау болды. Орталықтың басқару кеңесі Леди Барбара Джаджты Қаржылық қызметтер реттеу жөніндегі комитеті (Astana International Financial Authority, AFSA) Директорлар кенесінің басшылығына сайлады. Леди Джадж британдық және американдық азаматтығы бар коммерциялық аға басшы, төрайым және атқарушы емес директор ретінде жеке және мемлекеттік секторларда, сондай-ақ, энергетика, инфрақұрылым, өндіріс, бөлшек сауда және қаржылық қызметтер көрсету секторларында зор әрі табысты халықаралық беделге ие.

Леди Джадж корпоративтік басқару саласында танымал сарапшы болып табылады және осыған орай Ұлыбританияның Директорлар институтының Төрайымы болып сайланған. Сондай-ақ, алаяқтық пен қаржылық қылмыстардың алдын алуға маманданған Cifas Ұлыбританияның мүшелік ұйымының Төрайымы болып табылады. Бұған дейін Леди Джадж АҚШ-тың Бағалы қағаздар мен биржа комиссиясының Комиссары (министрі) және Ұлыбританияның Қаржылық есептілік кеңесінің (корпоративтік басқарудың британдық реттеушісі) төрайымы қызметтерін атқарған.

Еуразиялық экономикалық одақта ауыс-түйістер болды. Атап айтқанда, ЕАЭО-ға мүше елдер басшыларының шешімімен Эмиль Кайкиев ЕАЭО экономикалық комисиясының энергетика және инфрақұрылым бойынша Алқа мүшесі (министрі) болып тағайындалды.

Аймақтарда болған тағайындауларға да тоқталған жөн. Алматы облысы әкімінің өкімімен Болат Долдаұлы Тәкенов облыстық құрылыс басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыстық мәдениет басқармасының басшылығына Пания Сармурзинаны қойды.

Ал Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің өкімімен Жомарт Нұркенов Бұланды ауданының әкімі болып тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар