Қазақстандағы инкассатор әйел: 20 жыл бойы қолымнан қару түскен емес

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жалғыз фельдъегерь-инкассатор әйел Асылай Баймақанова Қостанайда жұмыс істейді. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен болған сұхбатта ол өз мамандығының ерекшелігі туралы айтып берді.
None
None

- Асылай Алтайқызы, нәзік жандылар арасында сирек кездесетін мамандыққа қалай келдіңіз?

- Барлығы Ресейде басталды. Өзім 1965 жылы Челябинск қаласының Нагайбак ауданында тудым. Балалық шағым сондағы Курганная селосында өтті. 1986 жылы жергілікті СГПТУ-71 коледжіне қабылдандым. Жақындарыммен ақылдаса келе байланыс мамандығын таңдадым. Қанша дегенмен, тарихи отаныңа қарай тартып тұрады ғой. Екі жылдан соң оқуды аяқтап, Қостанайға қоныс аудардық. Осылайша, Қарабалық ауданындағы пошта бөліміне қызметке тұрдым. Кейін басшылық жұмысымды бағаласа керек, бөлім бастығы етіп тағайындады. Содан соң жаппай қысқарту болып, жұмыстан шығып қалдым. Бірақ, 2001 жылы пошта қызметіне қайта шақырды. Жауапкершілігі мен талабы қатаң жұмыс инкассаторлықты ұсынды. Жалақысы аз болса да, қызметі үшін қуана келістім. Бір жағынан, әйелдердің де қару ұстай алатын қабілеті барын дәлелдегім келді.
null

- Жалпы, фельдъегерь-инкассатор мамандардың негізгі міндеті қандай?

- Негізі, біздің мамандықтың нақты міндеттерін айтуға болмайды. Себебі, көптеген құпия құжаттармен жұмыс істейміз. Күнделікті қызметімізге жедел және арнайы құжаттарды тиісті мекенжайларға жеткізу жатады. Қазір менімен бірге төрт ер адам жұмыс істейді. Оның үшеуі жүргізуші-инкассатор болса, тағы бір инкассатор маған көмектеседі. Мен бұл жігіттерге күніне қару беріп, нұсқамалық жұмыстар және ату оқу-жаттығуларын жүргіземін. Барлығы - өз ісінің шеберлері.

- Тапанша атудың қыр-сырын меңгерген шығарсыз?

- Жылжымалы байланыс бөлімінде жүрген осынау 20 жылдың бір күнінде қолымнан қару түскен емес. Бастапқыда жұрт инкассатор формасын киіп, тапанша ұстаған әйелге таңдана қарайтын. Қазір көбі аудандағы қару ұстауға құқығы бар әйел ретінде таниды. Қазақстандағы жалғыз инкассатор әйел екенімді біліп, хабарласып жататындар да бар. Ату жағына келсек, өзімді толықтай мақтай аламын. Нысананың ондығына дөп тигізгенде, білікті қызметкер екеніңді тағы бір сезінесің.

- Сіздің жолыңызды қуғысы келетін нәзік жандарға қандай кеңес бересіз?

- Расын айту керек, мамандықтың жаманы болмайды. Әрқайсысының өзіндік қызықтары бар. Бастысы, қандай жұмыс болсын, барыңды салып істеуге тырысу қажет. Мен екі қыз өсірдім. Кішісі 11-сыныпта оқиды. Мамандық таңдауды олардың өз еркіне қалдырдым. Басқа аруларға да солай дер едім. Жан қалауын таңдасаң, барлығы оңынан туады. Өз басым байланыс саласында жүріп, жақсы жетістіктерге қол жеткіздім. Соның бірі - төл мерекеміз қарсаңында «Алтын көгершін» сыйлығына ие болдым. Кәсіби маман ретінде маған бұдан асқан сыйлық жоқ.

- Халықаралық әйелдер мерекесі таяп қалды. Еліміздегі жалғыз инкассатор әйелдің құттықтауына назар салсақ...

- Әжелер мен аналарды, ару қыздарымызды көктемнің тағы бір мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Шындығында, қанша қару асынғаныңмен, қыз жаны нәзік келеді. Мұны тарихи кітаптардан, фильмдерден де байқауға болады. Барша әйелдер қауымына көктемгі жылулық пен жайдары көңіл тілеймін!

Соңғы жаңалықтар