Қазақстандағы іскерлік ахуалды жақсарту үшін жаңа қадамдар жасалады

күйектің 23-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мемлекеттік үдетілген индустриялық-инновациялық бағдарламаны табысты жүзеге асырып, дағдарыстан кейінгі кезеңде ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет пен жеке сектордың, яғни шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің өзара ұғынысып,
None
None

 тізе қосып жұмыс істегені ләзім.  Соңғы жылдары мемлекет тарапынан кәсіпкерлердің кәсібін қолдап, шағын және орта бизнес субьектілерінің тынысын кеңейту үшін жүйелі жұмыстар жасалып келеді.

  Бұл әсіресе дағдарыс табалдырықтан атаған кезеңде ерекше білінді. Экономиканың өзге де нақты секторлары секілді шағын және орта бизнес саласы да алғашқылардың бірі болып қаржы дағдарысының қыспағында қалды. Мұндайда мемлекет оларды тағдыр тәлкегінде қалдырған жоқ. Керісінше, дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде бұл саланы қолдауға аса қомақты қаржы бағытталды. Бұл іс-қимыл тиісті нәтижесін берді, кәсіпкерлер кәсібінен нәсіп тауып, сонымен бір мезгілде ел экономикасының оңалуына қал-қадірлерінше көмектерін тигізуде.

      Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта Үкімет Қазақстандағы іскерлік ахуалды жақсартуға күш салуда. Есте болса, 2008 жылғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында Президент Үкімет шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру жөніндегі дәйекті жұмысты жалғастыруға тиістігін айтып, әкімшілік реформа аясында Үкіметке бизнеске түсетін әкімшілік салмақты батыл азайтуды, рұқсат беру жүйесін, ең алдымен лицензиялауды, сертификаттауды, аккредиттеуді одан әрі оңайлатуды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін Үкімет  шағын және орта бизнесті қолдау  жөнінде дәйекті әрі мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, бүгінге дейін салық реформасы жүргізіліп, бизнеске түсетін салық жүктемесі төмендетілді. Әкімшілік реформа қолға алынып, бизнесті құру және жүргізу үшін тосқауыл болған әкімшілік кедергілер айтарлықтай қысқартылды. Бұдан бөлек жеке кәсіпкерлік субьектілерін тексеру жүйесі жетілдірілді және реттелді. Айталық, ағымдағы жылғы шілденің 17-сінде «Жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Сөйтіп тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізу есебінен мемлекеттік органдар жүргізетін тексерулер оңтайландырылды және реттелді. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің бұйрығымен рұқсат беруші құжаттарды қайта қарау және оңтайландыру жөніндегі сарапшы топ құрылды. Бүгінге дейін бұл топтың 43 отырысы өткізіліп, онда мемлекеттік органдардың 22 жұмыс тобының рұқсат беруші құжаттарды түгендеу және қайта қарау жөніндегі жұмыстарының нәтижелері қаралған. Отырыстардың қорытындысы бойынша сарапшы топ 43 қызмет  түрін лицензиялауды, 238 әртүрлі рұқсат беруші құжаттарды қысқартуды ұсынған.

     Дағдарыс кезінде мемлекет шағын және орта бизнесті қолдауға теңдессіз қаржылық көмек көрсетті. Ресми мәліметтер бойынша, 2007 жылдың соңынан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субьектілеріне 330 млрд.  теңгеден астам қаржылық көмек көрсетіліпті. Осы қолдаудың арқасында 8700-ден астам жоба несиелендіріліп, 16 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, қолдауға ие болған. Қуантатыны- бөлінген қаржы желге ұшпады, мемлекеттің экономиканың осы бір нақсы секторына көрсеткен қамқорлығы қазіргі уақытта оң нәтижесін беруде. Миллиондаған қазақстандықтар еңбек ететін бұл сала дағдарыстың қысымына төтеп беріп, бүгінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Осылайша, Үкімет жүргізген жұмыстар бірқатар оң нәтижелерге әкеліп отыр. Айталық, Статистика агентігінің дерегі бойынша, 2009 жылғы қыркүйектің 1-індегі жағдай бойынша елімізде 1 млн. бірліктен астам шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. Бұл тіркелген шаруашылық субьектілерінің жалпы санының 90 пайыздан астамын құрайды. Республикамыздағы белсенді жұмыс жасайтын шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға ұлғайған. Мұның өзі дағдарыс кезеңінде де жеті өлшеп, бір кесіп, жүйелі жұмыс істесе жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатындығының нақты дәлелі іспетті.  

     Атап өтерлігі, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар халықаралық рейтингтерді жасаушылардың оң бағасына ие болды. Еліміздегі іскерлік ахуалды жақсарту жөніндегі Үкімет жүзеге асырған шаралар әртүрлі халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның позициясын нығайтуға мүмкіндік берді. Айталық, 2009 жылғы қыркүйектің 9-ында Дүниежүзілік банк жыл сайынғы Doing Business - 2010 рейтингісінің нәтижелерін жариялады. Ол бойынша Қазақстан 70-тен 63-ші орынға көтерілді.  Ал 2009 жылғы мамырдың 20-сында Халықаралық менеджментті дамыту институтының Әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы (Швейцария) елдердің бәсекеге қабілеттілігінің жыл сайынғы рейтингісінің 2009 жылғы қорытындысын жариялады. Бұл рейтинг бойынша, Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 3 позицияға көтеріліп, 36 - орынғажайғасты.  Бұл реттеҚазақстан Ресейді (49 орын) 13 тармаққа және Украинаны (56 орын) 20 тармаққа басып озып жетекші позицияны иеленгенін айтып өткен жөн. Ал 2009 жылғы қыркүйектің 8-інде жарияланған Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі бойынша, Қазақстан өткен жылдың нәтижелерімен салыстырғанда бар-жоғы бір позициясын жоғалтып, 67 орынға тұрақтады. Ресей бірден 12 позицияға, яғни 51-ден 63 орынға сырғыса, ал Украина он позицияға төмендеп, яғни 72-ден 82 орынға төмендеді. Бір қарағанда құрғақ цифрлар болғанымен, бұлар Қазақстандағы іскерлік ахуалдың жыл сайын жақсарып келе жатқандығының нақты айғағы болып табылатын құнды мәліметтер.

    Мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау шарасы бұнымен бітпейді. Төртінші шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында Елбасы елдегі іскерлік ахуал мен кә­сіпкерлік белсенділікті түбегейлі жақсарту қажеттігіне тоқталып, қазір іскерлік ахуалды жақсарту мен отандық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жаңа жүйелі шаралар аса қажеттігін атап көрсетті. «Кәсіпкерлікті тексеру жүйесін оңтай­ландыру қажет. ...Барлығын да бір Заңға жинақтау қажет, қалған басқасын жоюға қойып, тексеруші органдар шағын және орта бизнеске қыспақ жасамауы үшін тәртіп орнатайық», деген болатын Президент сонда. Бұл тапсырманы орындау үшін Үкімет таяу перспективада әкімшілік реформа аясында бизнес саласындағы бақылаушы мемлекеттік органдардың санын қысқартуды жоспарлап отыр.  Бұл ретте бизнесті енгізу шарттарын жақсарту жөніндегі жұмыс аясында әкімшілік заңнаманы қоса алғанда, лицензиялау және тексеру мәселелері бойынша 70-тен астам  заңнамалық актіге  түзетулер енгізіледі. 200-ден астам бірлескен жарлықтар әзірленіп, қабылданатын болады.  Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік кодексінің тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту бөлігіне, «Лицензиялау туралы» Заңға өзгертулер енгізіледі. Бұған қоса 2011 жылғы қаңтардың 1-іне дейін бизнеске қатысты талаптарды қамтитын 10 мыңнан астам нормативтік құқықтық актілерге ревизия жүргізіліп, деңгейі жоғарылатылады. Рұқсат беру жүйесіне ұқсас салалық нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік органдар өздері және  бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатарынан құрылған Сараптау тобы «гильотина» қағидаты бойынша    мұқият «сүзгіден» өткізеді.

    Сөз соңында бір тоқталып кететін жайт, қазіргі уақытта Үкімет шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа құралдарын әзірлеп жатыр. Соның аясында кәсіпкерлікті қолдауға қосымша мемлекеттік қаржыны пайдалану жөніндегі ұсыныс қарастырылуда. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіптегі шағын және орта бизнес субьектілерін несиелеуге айрықша назар аударылмақ. Бұл бағдарламаның шарттары бойынша несиелер бойынша номиналды ставка 8 пайыз, ал жылдық тиімді ставка 9 пайыз деңгейінде болуы тиіс. Осылайша мемлекет алдағы уақытта шағын және орта бизнеске қосымша  60 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетуді межелеп отыр.  

Соңғы жаңалықтар