Қазақстандағы Калачи «құпиясын» кім ашады?
Бүгінгі күні жұмбақ ауруға шалдыққандардың саны 60-қа жеткен. Дәл қазір олардың қандай аурумен ауыратынын және оған не себеп болып отырғанын ашып айту мүмкін болмай отыр. Қазіргі медицинаның өзі аталған дертпен күресуге дәрменсіздік танытуда. Бір сөзбен айтқанда Есіл ауданындағы Калачи ауылында алаңдаған жұртты жұбатар жан болмай отырған жайы бар.
Алдымен өткенге ой жүгіртіп көрейік. Ақмола облысының Есіл ауданындағы 680 тұрғыны бар Калачи елді мекені Красногор ауылдық округіне қарайды, ол бұрынғы қала тектес Красногор кентінің іргесінде орналасқан. Бұл қалашықта кезінде 6,5 мың адам тұрса, олардың басым көпшілігі - шахтерлер екен. Елді мекен КСРО-ның кен өнеркәсібі басқармасына қарады, 60-90 жылдары ауыл маңынан уран өндірілді. Уран өндірісі 1991-1992 жылдары тоқтап, шахталар жабылып қалды, тұрғындар жұмыс іздеп жан-жаққа көше бастады. Осыған байланысты Красногор кенті әлеуеті төмен елді мекендер қатарына енгізіліп, тұрғындарды аудан орталығы Есіл қаласы мен Калачи селосына көшіру қолға алынды.
Алайда, 2013 жылдың наурыз айында Калачи тұрғындарының арасында алғаш рет бірнеше тәуліктеп ұйықтап қалу оқиғасы тіркелді. Алғашында дәрігерлер мұны көктемде адамның бойындағы иммунитеттің әлсіреуінен деп топшаласа, кейін тұрғындардың бірінен соң бірі ұзақ ұйқыға кетуіне алаңдай бастады. Сол кезде, жұмбақ дерттің себебін анықтауда дәрменсіздік танытқан дәрігерлер науқастарға «ұйқы ауруы» яғни, (этиологиясы беймәлім энцефалопатия) деген диагноз қоюмен шектелді. Ал, тұрғындар болса, ауылды дендеп бара жатқан түсініксіз құбылыс сол маңдағы ескі уран шахталарынан шығып жатқан радиацияның әсер етуі мүмкін деп шулады.
Осыған байланысты биылғы жылдың 12-17 наурыз аралығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанынан тұрғындар арасындағы белгісіз аурудың себебін анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, осы елді мекенде су, ауа, топырақ, тіпті тұрғындардың тырнағы мен шашына дейін зерттеліп, медициналық тексеруден өткізілді. Жалпы, 2013 жылдың наурыз айынан бастап «этиологиясы беймәлім энцефалопатияның» пайда болу себебін анықтау мақсатында 7 мыңға жуық зерттеу жұмыстары жүргізіліпті. Қазіргі таңда инфекциялық және бактериялық факторлардың барлығы жойылды. «Ауыл аймағындағы гаммафон мөлшері қалыпты, тұз бен ауыр металдардың РШК-нен жоғарылауы байқалмаған» деген шешімге келген мамандар. Дегенмен, қанша рет зерттеу жұмыстарын жүргізсе де ғалымдардың еңбегі жергілікті тұрғындардың көңілінен шықпай отыр.
«Комиссия келеді, өзара сөйлеседі де кетеді. Осында уран кенішінде жұмыс істеген 20-25 жыл тәжірибесі бар 40-тан астам шахтерлер тұрады. Ғалымдардың бірде-бірі сол адамдармен ақылдасқан емес», дейді Калачи селосының тұрғыны Виктор Крюков.
Осыған байланысты ағымдағы жылдың басында облыстың бұрынғы әкімі Қосман Айтмұхаметов тұрғындары жұмбақ дертке шалдыққан елді мекенде болып, халықпен кездесті. Белгісіз сырқатқа шалдыққан жұртпен бетпе-бет жүздескен әкім бұл маңнан ешкімнің көшірілмейтінін, есесіне Калачидегі оқушыларды шипажайға жіберіп, олардың дәруменге бай азық-түлікпен қамтамасыз етілетіне уәде берген еді. Сонымен қатар, зерттеу жұмыстарының жан-жақты жүргізілмегенін естіген ол Курчатов қаласындағы Экология және радиациялық қауіпсіздік институты ұлттық орталығынан жылжымалы зертханасы бар бір топ ғалымдар келіп зерттеу жұмыстарын қолға алатынын мәлімдеген. Алайда, ғалымдар елді мекеннің суын, топырағын және ауасына дейін зерттеді, бірақ нақты қорытынды шешім шықпай отыр. Олар бұл жерден шамадан тыс радиацияны да, судан радонды да таппады.
Әрине, тұрғындарды кез-келген уақытта қалғып кету қаупімен өмір сүру алаңдатады. Жұрттың сөзіне қарағанда, дерт шығыс жақтан жел тұрған кезде дендеп кететін көрінеді.
"Шығыс бағыттан яғни, уран шахталары орналасқан жақтан жел тұрса болды. Адамдардың ұйықтауы басталады. Шахтада ураннан басқа, радон газдары да бар. Сондықтан радиация көзі ретінде осы газдың да зиянын ескерген абзал", дейді Красногор кентінің тұрғыны Григорий Солдатов.
Ал, зерттеу жұмыстарының басы-қасында жүрген далалық жұмыс тобының жетекшісі Виталий Романенко бұл пікірмен келіспейтіндігін айтады. Оның пікірінше, бұған радон газының еш қатысы жоқ көрінеді.
"Біріншіден, радон газы - радиактивті газ. Бірақ, одан адамдар ұйықтап кетіпті дегенді бұрын-соңды естіген емеспін және білмейді екенмін. Адамды ұйықтату үшін, радонның көп мөлшері керек. Сондықтан, менің пайымдауымша "ұйқы дертіне" радонның еш қатысы жоқ", дейді Виталий Романенко.
Қанша уәде берсе де, жергілікті жұрттың көңілі алаң. Себебі эпидемиологиялық ахуал жақсарудың орнына күн сайын ушығып бара жатыр. Атап айтсақ, аталмыш елді-мекен тұрғындарының ес-түссіз құлап, бірнеше тәуліктеп ұйықтап қалатын түсініксіз дертке шалдыққаны туралы талай рет жазылды. Тек соңғы бір-екі айдың ішінде 10-нан астам адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Оған қараша айында бірден сегіз адам, кейін тағы 5 адамның қалғып кетіп аурухана кереуетінде оянғаны дәлел.
Осы ретте, ғаламтор беттерінде пайда болған Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың облыс әкімінің бастамасымен Үкіметте Калачи ауылының тұрғындарын көшіру туралы мәселе қаралып, онда осы мақсатта мемлекеттен 2 миллиард қаржы бөлінетіні жөніндегі ақпараты Калачи мен Красногор елді мекендеріндегі ұйқыдан көз ашпаған тұрғындарға сенім ұялатқандай еді. Бірақ тұрғындардың бұл қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылды.
Өйткені, аудан әкімі Қали Рахметов "жұмбақ ауру" дендеген елді мекендерден тұрғындарды көшіру туралы ешқандай ресми мәлімет болған емес және оған еш негіз жоқ деп отыр.
Ал, өңірге жұмыс сапарымен барған қазіргі облыс әкімі Сергей Кулагин тұрғындармен кездесу барысында : "Біз қандай да бір шара қолданбас бұрын мұндағы жұртты дүрліктіріп отырған ерекше құбылыстың себеп-салдарын анықтап алуымыз керек. Алдағы уақытта қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ғалымдар шақыртып, зерттеу жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Сондықтан, сіздердің пікірлеріңізді білу мен үшін маңызды", деген болатын.
Осылайша, "ұйқы ауруы" алғашқы тіркелгеніне 1,5 жылдан астам уақыт өтсе де, бүгінгі күнге дейін оның себебін анықтау мүмкін болмай отыр. Жергілікті жұрт бұны жабылып қалған ескі шахталардан бөлініп отырған «радиация мен радонның кесірі» десе, зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар жұмбақ дертті бұл жаймен байланыстырмайды. Дерттің қайдан шыққаны, оны не қоздыратыны әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр.
Сонда Калачи-аномалия ма әлде...Бұған әзірге жауап жоқ. "Ұйқы ауруының" құпиясын ашу алдағы уақыттың еншісінде.
Денсаулық сақтау министрлігінің осы мәселеге назар аударатын кезі келген жоқ па?
P.S. Материал жазылып болған кезде автор өзін толғандырып жүрген сауалдарды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың блогына жіберді. Жауабы келген соң мәселенің анық-қанығы жөнінде «ҚазАқпарат» оқырмандарын хабардар ететін боламыз.