Қазақстандағы колледждерді жаңартуға 1 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті бюджеттерден еліміздің колледждерінің техникалық базасын, жабдықтарын жаңартуға 1 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте тегін техникалық және кәсіби білім беру тетігін енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.

Қазақстандағы колледждерді жаңартуға 1 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылады

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта колледждер мен кәсіптік техникалық білім беру орындарының шеберханаларын заманауи жабдықтармен жаңарту жоспарланып отыр. Бұл ондағы білім беру сапасына ғана емес колледждердің беделіне де әсер ететін болады. «Біз бұл мәселені бір жағынан ішінара Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жобалары арқылы Дүниежүзілік банк қаражаты есебінен шешуге күш саламыз. Бұл жобалар бойынша еліміздегі 64 колледждің оқу-өндірістік шеберханасын заманауи жабдықтармен жаңарту қарастырылады», - деді Е.Сағадиев.

Ведомство басшысының айтуынша, білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында дәл осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 993 млн теңге қарастырылған.