Қазақстандағы мәдени туризм

Сонымен бірге, бүгінгі таңда мәдени туризм - туризмнің ең танымал және жаппай түрлерінің бірі болып есептеледі. Бүкіл әлемде сияқты, біздің елде мәдени туризм жеке бағытқа бөлініп, жыл сайын одан әрі дамып келе жатыр. Оған мысал - Инвестициялар және даму министрлігі дайындап, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 мамырдағы № 508 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейінгі туристік саланы дамыту» тұжырымдамасында мәдени туризм Қазақстанның басым туристік өнімдерінің бірі ретінде айқындалған.
Сонымен бірге, аталған Тұжырымдамада көзделген туристік кластерлерде тарихи-мәдени мұра объектілері, соның ішінде тарихи-мәдени, археологиялық қорық-мұражайлардың құрамындағы көптеген көне сәулет өнерінің ескерткіштері - кесенелер, мешіттер, қорғандар, петроглифтер туристік қызығушылық объектілері болып табылады.
Осыған орай, Қазақстанда мәдени туризмді дамытуға Инвестициялар және даму министрлігі, халықаралық, республикалық туристіктік агенттіктермен бірге, аталған мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайлардың да үлесі бар екенін атап өту қажет.
Бүгінгі таңда елде республикалық бағыныстағы 9 тарихи-мәдени қорық-мұражайлар қызмет етеді. Олар: «Әзірет Сұлтан», «Ұлытау», «Отырар, «Жидебай-Бөрілі», «Ордабасы», «Таңбалы»,, «Ежелгі Тараз ескерткіштері», «Есік» және «Берел» тарихи-мәдени қорық-мұражайлары.
Олардың құрамындағы мәдени-тарихи ескерткіштер аталған Тұжырымдаманың туристік кластерлеріне енген.
Мысалы, Алматы кластеріне ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген Тамғалы петроглифтері, Есік қорғандары, Ешкіөлмес петроглифтері, «Жібек жолы» Сериялық трансұлттық номинациясына енгізілген объектілер (Талғар қалашығы, Боралдай сақ қорғандары) ұсынылды.
Шығыс Қазақстан кластеріне «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы-мұражайы объектілері, Шілікті қорғандары; Оңтүстік Қазақстан кластеріне ежелгі Түркістан және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы-мұражайы объектілері, ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген ортағасырлық Отырар қалашығының және отырарлық алқаптың археологиялық объектілері, Сауран археологиялық кешені, Арпаөзен петроглифтері; Батыс Қазақстан кластеріне Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы-мұражайы объектілері - Бекет ата, Шопан ата және Қараман ата жер асты мешіттері мен Омар мен Тұр кесенесі, «Бөкей Ордасы» ескерткіштер кешені; Астана кластеріне (Астана қаласы, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батыс бөлігі, Павлодар облысының батыс бөлігі және Қарағанды облысының солтүстік-шығыс бөлігі) ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген жаңа туристік қызығушылық орындары: мегалит дәуіріне жататын Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қорымдары, Тасмола мәдениетінің жарқыншақ тастар қорғаны, сондай-ақ «Жібек жолы» сериялық трансұлттық номинациясына енгізілген объектілер (Бозоқ қалашығы) және т.б. туристер қызығушылығын тудыратын орындар енген.
Тұжырымдаманы дайындаған авторлардың көздеген мақсаты бойынша, болашақта кластерлер кеңейтіліп, онда өңірлердің өзге де бөліктері қосылып және жаңа туристік қызығушылық орындарымен толығады.