Қазақстандағы сапасыз бензиннің үлесі анықталды

«ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті өткізілетін бензиннің сапасы бойынша мәселелерге қатысты ағымдағы жылы еліміздің автомобильге май құю стансаларында өткізілетін автомобиль бензинінің сапасын мониторингтеу барысында оның 25 пайызының «Автомобиль және авиация бензиніне, дизель және кеме отынына, реактивті қозғалтқыштар мен мазутқа арналған отынға қойылатын талаптар туралы» 013/2011 КО ТР Кеден одағы техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталғанын хабарлайды. Аккредиттелген сынақ зертханалары автомобиль бензинінің 243 сынамасын зерттеді, оның ішінде бензиннің 62 сынамасы (27 пайызы) 013/2011 КО ТР талаптарына, сондай-ақ стандарттар, техникалық шарттар талаптарына сәйкес келмеген»,-деп атап өтілген комитет мәліметінде.
Зертеулер нәтижелері бойынша ЖҚС-та мына өндірушілердің сапасыз бензин өткізілгені белгілі болды:
1) октандық саны бойынша: «Павлодарский МХЗ» ЖШС-ның - 13 сынамасында, «Атырау МӨЗ» ЖШС-ның - 8 сынамасында, «Петро Казахстан Ойл Продактс» ЖШС-ның - 7 сынамасында, «Газпром-Омский НПЗ» АҚ-ның - 5 сынамасында;
2) құрамындағы күкірт бойынша: «Газпром-Омский НПЗ» АҚ-ның - 7 сынамасында, «Башнефть» ААҚ-ның - 4 сынамасында, сондай-ақ «ТАИФ-НК» ААҚ, «Орскнефтеоргсинтез»ААҚ, «Газпром нефтехим - Салават» АҚ- бір сынамадан;
3) бензолдың көлемдік үлесі бойынша: «Башнефть» ААҚ-ның - 3 сынамасында, «Атырау МӨЗ» ЖШС-ның - 2 сынамасында, «ТАИФ-НК» ААҚ-ның - 2 сынамасында және «Газпром-Омский НПЗ» АҚ, «Орскнефтеоргсинтез» ААҚ - бір сынамадан;
4) хош иісті көміртегінің көлемдік үлесі бойынша: «Орскнефтеоргсинтез» ААҚ-ның - 4 сынамасында, «ТАИФ-НК» ААҚ - 2 сынамасында және «Атырау МӨЗ» ЖШС-ның - бір сынамасында.
Сонымен қатар, аталған комитет өкілдері ең төменгі сапалы бензин Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы "Атырау МӨЗ" ЖШС өндірген АИ-80 бензині маркасымен ЖК М. Ержанов "Марол" ЖМҚС-да өткізілгенін атап өтті. Ол октандық саны 64,0 жеңіл фракциясын көрсеткен және бұл өнім тауарлық бензин болып табылмайды. Осы ретте өнім шағын зауытта қолдан жасалған тәсілмен өндірілген немесе тауарлық бензин өндірісі үшін жартылай фабрикат болып табылады.
«Көптеген ЖМҚС-да өткізілетін бензин туралы ақпарат (таңбалау, өндіруші, отынның экологиялық сыныбы, қоспаның болуы көрсетілген сапа паспорты) жоқ. Мәліметтер тұтынушы үшін қолжетімді жерлерде орналастырылуы тиіс, бұл 013/2011 КО ТР-ның міндетті талабы болып табылады»,-делінген комитет ақпаратында.