Қазақстандағы сел кезіндегі қауіпсіздік ережелері
Сел - бұл таулы аудандарда тас аралас саз-балшықтардың таудан төмен үлкен қарқынмен құлай ағауымен сипатталатын құбылыс екені айтылды. Селдің пайда болу себептері де түсіндірілді - ол мұздықтардың, қардың мөлшерден артық еруінен, нөсерлі жауын-шашындардан, жер сілкінуден, тау өзендерінің арнасынан асып тасуынан пайда болады. Сел кенеттен пайда болып, жоғары жылдамдықпен (секундына 10 метр және одан да артық) жүреді және он минуттан бірнеше сағатқа дейінгі аралықта бірнеше рет орын алады. Селдің алдыңғы толқынының биіктігі 15 метрге дейін жетуі және одан да асуы мүмкін. Селдің күрілі алыстан естіледі.
Селге қалай дайындалу керек?
"Әдетте сел жүретін жерлер белгілі. Тауға шығар алдында өз жол бағытыңызды зерттеңіз, әрі сел қаупі бар жерлерге, әсіресе қатты нөсерден кейін, бармаңыз. Селге тап болсаңыз, аман қалу мүмкіндігіңіз аз екенін есте сақтаңыз. Селден оған жоламай ғана құтылуға болады. Қауіпсіз жерге кету кезінде үйден шықпас бұрын электр, газ және су желілерін сөндіріңіз. Есіктерді, терезелер мен вентиляциялық саңылауларды мықтап жабыңыз", - делінген ҚР ІІМ ТЖК сайтында.
Сел кезінде не істеу керек?
Сел дауысын естігенде сайдың етегінен өрге қарай кем дегенде 50-100 м биіктікке көтерілген жөн. Селдің қарқынымен адам өміріне қауіп төндіретін үлкен тастар алыс жерлерге ұшуы мүмкін екендігін ескерген абзал.
Селден кейінгі іс әрекет
Селден жапа шеккендерге көмектесіп, сел жолындағы үйінділерді жинауға жәрдемдесіңіз. Егер сіз зардап шексеңіз - өзіңізге алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысыңыз. Жарақаттанған жерлерді сәл биіктеу ұстап. Оған мұз (суланған мата) басып, таңып байлаңыз. Кейін дәрігердің көмегіне жүгініңіз.