Қазақстандағы шетелдік инвесторлар қандай салық төлейді

Елімізге қанша инвестиция тартылды?
Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанға жыл сайын 20 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Жаһанды жайлаған пандемияға байланысты 2020 жылы тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі азайғанымен, 2021 жылы қайта қалпына келіп, 23,7 млрд долларды құраған. Ал өткен жылы ТШИ көлемі 28 млрд долларға жетіп, 17,7%-ға өсім көрсетті. Жалпы айтқанда, біздегі шикізат қорының молдығы, инвестициялық климаттың қолайлылығы, саяси жүйенің тұрақтылығы және географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы шетелдік инвестицияға кеңінен жол ашқаны рас.
Бүгінде елімізде жұмыс істеуге ниетті шетелдік инвесторлар қатары артып келеді. Соңғы 30 жылда Қазақстанға әлемнің 120-дан астам елінен 370 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған. Олардың басым бөлігі Еуропа елдеріне, АҚШ-қа тиесілі. Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, сонымен қатар соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш – 2012 жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі $28,9 млрд болған. Осылайша, Үкімет пен өңірлер әкімдіктері жұмысының арқасында өткен жылы ҚР Инвестициялық саясаты тұжырымдамасының 2026 жылға дейінгі аралық нысаналы индикаторлары 14,3%-ға асыра орындалған.
Қазақстанның ТОП инвесторлары кімдер?
Республикаға тартылған инвестициялар көлемі бойынша көш бастап тұрған елдер қатарында Нидерланд – $8,33 млрд, АҚШ – $5,1 млрд, Швейцария – $2,8 млрд, Бельгия – $1,56 млрд, Ресей – $1,52 млрд, Оңтүстік Корея – $1,48 млрд, Қытай – $1,43 млрд, Франция – $770,2 млн, Ұлыбритания – $661 млн және Германия – $469,5 млн.

Инвестиция көлемі нақты қай салаларда артқан?
Инвестициялар ең көп тартылған салалар: тау-кен өнеркәсібі – $12,1 млрд (+25%), өңдеу өнеркәсібі – $5,6 млрд (+3%), көтерме және бөлшек сауда – $5,08 млрд (+36%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – $1,1 млрд (өсім – 2,1 есе), көлік және қоймалау – $1,1 млрд (+14%), құрылыс – $698 млн (-3%), қаржылық және сақтандыру қызметі – $650 млн (-60%), электрмен жабдықтау және газ беру – $635,6 млн (өсім – 2,8 есе) болған.

Өңірлердегі инвестиция мәселесі
Сонымен қатар шетелдік капиталды тартуда аса белсенділік танытып отырған өңірлер де бар. Олар Атырау облысы – $8,2 млрд, Алматы – $7,57 млрд, Астана – $2,25 млрд, ШҚО – $2,2 млрд, БҚО – $1,12 млрд, Алматы облысы – $698,2 млн. Мамыр айында өткен инвестициялық штаб отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов негізгі капиталға инвестициялар (НКИ) және тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) тарту барысын қараған болатын. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биыл қаңтар-сәуір айларында НКИ-дың жалпы көлемі 3,8 трлн теңгені құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артық. Бұл орайда тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы салаларының көрсеткіштері жоғары екенін мәлімдеді.
Биыл қаңтар-сәуір айларында жалпы республикалық нысаналы индикаторға қол жеткізілген. Соның ішінде 20 өңірдің 12-сі жоспарларын орындаған. Олардың қатарында Түркістан (148%), Қызылорда (137%), Қарағанды (122%), Маңғыстау (122%) және Ақмола (116%) облыстары бар. Орталық мемлекеттік органдар арасында Денсаулық сақтау (167%), Оқу-ағарту (153%), Ғылым және жоғары білім (152%), Сауда және интеграция (143%), Ауыл шаруашылығы (116%), Экология және табиғи ресурстар (108%) министрліктері белгіленген көрсеткіштерді асыра орындаған.
Премьер-Министр 4 айдың қорытындысы бойынша облыстар мен орталық мемлекеттік органдардың дені НКИ (негізгі капиталға инвестиция) бойынша көрсеткіштерді қамтамасыз еткенін, алайда 8 өңір нысаналы индикаторларға қол жеткізе алмағанын атап өтті. Үкімет басшысы Ұлытау және Жамбыл облыстары өткен жылы да жоспарды орындамағанын тілге тиек етіп, аталған облыстардың әкімдері бұған дейін Инвестициялық штаб отырысында жағдайды биыл түзейміз деп уәде бергенін де атап өтті. Алайда, бұл өңірлер барлық облыстың ішінде ең соңғы көрсеткіш көрсетіп отырғанын баса айтты. Осы тұста ол бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша инвестицияларға жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Сонымен қатар Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі (61%) министрліктерінің НКИ бойынша жұмыс қарқыны өте баяу екенін атап өтіп, IT саласындағы жобалар санын ұлғайту, сондай-ақ туризм саласына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өткен болатын.
Фото: soupstock.in
Премьер-Министр осы жылы Үкімет алдында НКИ деңгейін арттыру міндеті тұрғанын айтты. Осыған байланысты өңірлер мен ведомстволар кемшіліктерді ескере отырып, негізгі капиталға инвестициялар тарту жұмыстарын күшейтуі қажет. Сонымен қатар отырыста тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі өткен жылғы жұмыс қорытындылары қаралды. Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, өткен жылы НКИ көрсеткіші $28 млрд құраған, бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Оның дерегінше, экономиканың негізгі салаларында жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 199 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Ал 2023 жылы 1,9 трлн теңгеге тағы 281 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Үкімет алдына 2029 жылға дейін $150 млрд ТШИ тарту міндетін қойғанын атап өтті.
«Биыл экономикаға кем дегенде $24 млрд шетелдік капиталды тартуға тиіспіз. Министрлер мен әкімдер экономиканың басым секторларында шетелдік капиталдың қатысуымен жаңа әрі сапалы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдауы керек», — деді Премьер-Министр.
Шетелдік инвестицияқай салаға бағытталып жатыр ?
Қазақстанның инвестициялық ахуалы тартымдылығы тақырыбында өткен Үкімет сағатында Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Қазақстанға тартылған шетелдік инвестицияның басым бөлігі шикізат секторына бағытталып жатқанын мәлімдеді. Ол сыртқы сауда айналымы қарқынды ұлғайып келе жатқанын айта келе, былтыр оның деңгейі 134,4 миллиард АҚШ долларына жеткенін және бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 35%-ға өскенін айтты.
«28 миллиард АҚШ доллары (2022 жылы) сомасында инвестиция тартылды. Бірақ, шетелдік инвестицияның басым бөлігі шикізат секторына және оны тасымалдау мен өткізуге қатысты инфрақұрылымға бағытталды. Атап айтқанда, бұл үрдіс әлі де жалғасып отыр. Бұл тұрғыда салалық бағытта инвестицияның ең көп ағыны тау-кен өнеркәсібінде байқалды – 12,1 млрд АҚШ доллары. Ал, өңдеу өнеркәсібіне небәрі 5,6 млрд АҚШ доллары түсті», - деді сенатор.
Сондай-ақ Ольга Перепечина экономиканың импортқа тәуелділігіне қатысты өз пікірін білдірді. Оның мәліметінше, Қазақстан ең маңызды құрылыс материалдарының импортына 90%-ға тәуелді. Сонымен қатар, бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, агроөнеркәсіп кешеніне салық және кедендік преференциялар берілгеніне қарамастан, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың 56%-ға дейінгі көлемін импортталатынын тілге тиек етті.
«Статистика мәліметіне тоқталсақ, елімізде бекітілген инвестициялық келісімшарттар көп. 2017-2022 жылдар аралығында 3,4 трлн теңге сомаға 351 инвестициялық келісімшарт жасалған. Оның ішінде 2,5 трлн теңге шамасында жүзеге асырылып жатқан 238 шарт бар. Келісімшарттар көп, ал экономикамыздың құрылымы импортқа тәуелді болып қалып отыр. Арнайы экономикалық аймақтарға тоқталсақ, АЭА-лар аумағында өнеркәсіптік кәсіпорындарды құруға салынған инвестицияның жалпы сомасы 1,2 трлн теңге болды, оның 65%-дан астамы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қатысуымен. Бұл тұрғыда жеке инвестицияны мемлекеттік инвестициямен нақты алмастыру болғаны байқалып отыр. Осы саладағы жағдай өнеркәсіпке жеке инвестицияларды тарту деңгейінің төмендігін, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың экспорт бойынша бағдарының нашар екенін көрсетіп отыр», - деді Сенат төрағасының орынбасары.
Оның сөзінше, АЭА-ға инвестицияларды тартуға кедергі келтіретін негізгі проблема инфрақұрылымның толық салынбауына, мықты кадрлардың тапшылығы және басқа да мәселеге қатысты. Ол осы ретте Қазақстандағы шетелдік капитал көбіне шикізат өндіруге тартылатынын айтты.
Негізгі капиталға бөлінетін инвестиция көлемі қандай?
Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров биыл негізгі капиталға 18,3 трлн теңге инвестиция салынатынын мәлімдеді.
«Биыл жоспар бойынша негізгі капиталға 18,3 трлн теңге инвестиция салынады. Бұл көрсеткіш былтырдың қорытындысынан 22%-ға артық болмақ. Шағын және орта бизнесті жүйелі қолдау шаралары кеңейтілді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қолдау көрсету үшін қызмет түрлерінің тізбесі 116-ға ұлғайтылды», - деді Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша, қызметтің бірқатар басым түрі бойынша пайыздық ставканы субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылған. Сонымен қатар Бизнестің жол картасын қаржыландыру 224 млрд теңгеге дейін өскен.
«Шағын және орта бизнесті қолдау аясында биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау және 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру ескерілген. Атап айтқанда, орта бизнесті қолдау бойынша қосымша қадамдар жасалады», - деді министр.
Шетелдік инвесторлар елімізге қандай салық төлейді?
Фото: catherineasquithgallery.com
«Салық кодексінде белгіленген шарттарды орындау кезінде 10% мөлшерлемені белгілей отырып, бейрезиденттердің дивидендтерін (заңды тұлға және жеке тұлға) салық салудан толық босату бөлігінде жеңілдіктер алынып тасталды (салық кодексінің 646-бабының 4 және 5-тармақтары)» , - делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Алайда қор биржасының (KASE, АХҚО) ресми тізімдерінде сатылған күні бағалы қағаздар бойынша бейрезиденттердің (заңды тұлға және жеке тұлға) дивидендтері бойынша жеңілдіктер сақталды. Бұл жеңілдіктер тұрақты сауда-саттықты жүргізу кезінде ғана қолданылатын болады. Айта кетейік, өлшемшарттарды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Қазақстанға инвестиция неліктен тиімді?
Экономист Арман Байғановтың айтуынша, инвестицияның тиімділігін мультипликативтік әсермен бағалау керек.
«Біріншіден, инвесторлар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтік шиеленісті азайтады. Өйткені адамдар жұмысқа орналасып, жалақы ала бастайды. Сондай-ақ жеке табыс салығы (ЖТС) салынады. Яғни, бюджетке жаңа салық аударымдары пайда болады. Екіншіден, жаңа өндірістер құрылған кезде, олардың жанында әртүрлі іргелес және қосымша компаниялар құрылады, олар сәйкесінше осы аймаққа кірмейтін әртүрлі қызметтерді сатып алады. Осылайша, жаңа өндірістер елдегі басқа тауарларға сұраныс тудырады. Бюджетке жаңа салық аударымдары түседі.
Үшіншіден, инвесторлар әсіресе шетелдіктер әрқашан ақшамен келеді. Сонымен қатар, инвесторлар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін – мектеп, аурухана, емханаларды салу бойынша міндеттемелердің бір бөлігін өз мойнына алады. Бұл мемлекет үшін әрқашан тиімді, өйткені мемлекет өз қаражатын салмайды, ал әлеуметтік нысандар елімізде қалады», — деп түсіндірді Арман Байғанов.
Сарапшы өз сөзінде инвесторлар ақшалай инвестициялардан бөлек жаңа технологияларды, әсіресе ірі компанияларды әкелетінін айтып өтті.
«Ірі кәсіпорындар әрдайым жаңашыл болып келеді, өйткені олар әлемнің түкпір-түкпірінен үздік тәжірибені жинақтап енгізеді. Бұл тәжірибені, технологияны, менеджментті алып кедеді», - деп атап өтті сарапшы.
Фото: shutterstock.com
Оның айтуынша, инвестиция - кез келген мемлекеттің экономикасының өсу драйверлерінің бірі. Инвесторлар мемлекетке неғұрлым көп инвестиция салуға дайын болса, соғұрлым ол ел үшін тиімді.
Қорыта келе, қазір Қазақстанда инвестициялық салада ауқымды жұмыстар атқарылғанын байқауға болады. Елімізге инвестиция салатын елдер қатарында Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Қытай елдері бар. Жалпы елде өндірілген өнімдерге деген сұраныстың жоғары болуы – инвестициялық тартымды болуға тікелей ықпал ететін фактордың бірі. Әсіресе, шетелдік инвесторлардың Қазақстанда жұмыс істеуі үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптасты десек артық айтқандық емес.