Қазақстандағы тұңғыш кәсіби жеңіл атлетика клубы ашылды
«ALTAY ATHLETICS» атты клуб мүшелерінің қатарында, сонымен қатар найза лақтырудан Қазақстанның жас көшбасшылары Артур Гафнер мен Варвара Назаровалар бар. Бұдан бөлек, кениялық төрт кроссмер - Каролин Чипкоич Кипкируи, Дэйзи Джипкемей, Шэдрак Кимутаи Коич және Тануи Нора Джируто алтайлық атлеттер сапынан табылды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, клуб аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша биыл жазда құрылды. Осы уақыт ішінде атлеттер әлемнің беделді жарыстарына қатысып, жүлделі орындармен қанжығаларын майлап үлгерді. Мәселен, 5 мың метр қашықтықта Каролин Кипкируи қыркүйекте өткен «Гауһар лигасы - 2017» додасының күміс медалін иеленсе, 22 жастағы Нора Джируто ISTAF Берлин классикалық турнирінде кедергілермен 3 мың метрге жүгіруде 3-орын алды.
«Осы мықты спортшылар салған жолды болашақ ұрпақ жалғаса дейміз. Жаңа клуб алдында зор міндеттер тұр. Ең алдымен, жеңіл атлетикадан ұлттық құраманы қалыптастырудағы негізгі діңгек болады. Болашақ жеңімпаздарды дайындаймыз. «ALTAY» брендін қалыптастырып, оны бүкіл әлемге паш етеміз. Оған сеніміміз зор», - деді Даниал Ахметов.
Ең бастысы, ШҚО клубының негізінде жеңіл атлетикадан «ALTAY KIDS ATHLETICS» балалар академиясы құрылады. Оған 2020 жылға дейін 5 мыңға жуық бала мен жасөспірімді тарту жоспарда тұр.
«ALTAY ATHLETICS» кәсіби жеңіл атлетика клубы 94 жылдық тарихы бар, еуропалық LC Zurich клубының үлгісінде жасалды. Ал менеджер міндеті 30 жылдан астам уақыт бойы үздік халықаралық спорт ұйымдарында қызмет еткен Гвидо Тоньониға тапсырылды.