Қазақстандағы туризмнің болашағы қандай?

АЛМАТЫ. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік туристік ұйымының мәліметтеріне қарағанда, 2012 жылы дүние жүзінде 1 миллиард адам өзге елдерге саяхаттап барса, 5 миллиард адам өз еліндегі демалыс орындарының есігін ашқан. Әлемдік экономиканың барынша қарқынды дамушы саласы саналатын туризмнің дүниежүзілік жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10,9 пайызды құрап, 3 триллион 500 миллиард долларға бағалануда. Бұл әлемдік инвестицияның жиынтық көлемінің 7 пайызына тең. Биыл бұл көрсеткіштер өспесе, азаймайды деп жоспарланып отыр.
None
None

Қазақстандықтар былтыр ішкі туризм бойынша 186 400 адамға ғана қызмет көрсетіп, шетелге саяхаттаушылардың ішінде тек Түркияның өзіне Қазақстаннан 380 мың 46 адам саяхаттап барған көрінеді. Ал қытайлықтардың мәліметіне қарағанда, биыл алғашқы жартыжылдықта ғана Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданына шетелден 22,25 млн. адам саяхаттап барып, одан олар 3,86 млрд. доллар табыс тапқан. Ал бұл туристердің 70 пайызын қазақстандықтар құраған көрінеді.

Қазір туризм саласындағы бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан 140 елдің ішінде 88-орында тұр. Өзге елдерде Қазақстанның имиджін көтеруге 720 миллион теңге жұмсалғанымен, шеттен келетін саяхатшылардың саны консалтингтік компаниялардың бағалауынша биыл 16,2 пайызға кеміп кеткен. Бұл ең алдымен демалыстың жоғары құны, әлсіз инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасының төмендігіне байланысты болып отыр. Сондықтан өзге елдерде туризмнің үлесі жалпы ішкі өнімнің кемінде 10 пайызын құраса, Қазақстанда бұл 1 пайыздан да төмен болуда. Әлемдік экономиканың қозғаушы күшіне айналып келе жатқан туризмде Қазақстанда әзірге ешқандай ілгерілеушілік байқалмауда.

Мәселен, HeadHunter компаниясының зерттеуіне қарағанда, еңбек демалысын маусым айына дейін алған қазақстандықтардың 46 пайызы шетелде өткізген. Демалысын маусымнан жыл соңына дейін жоспарлағандардың 42 пайызы да оны шетелде өткізуге қызығушылық білдірген. Ал қазақстандық курорттарға маусымға дейін олардың 11 пайызы демалса, одан кейін демалыс алатындардың 22 пайызы ғана ел ішінде болуды құп көрген. Ал шетелде демалушылардың әрқайсысы онда 1-2 мың долларға қаржы жұмсауға қауқарлы. Сондықтан ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің сөзіне қарағанда, ішкі туризмді дамыту мақсатында Қазақстанда 2020 жылға дейін туризм саласында жаңадан 100 мыңнан астам тұрақты және 200 мыңға жуық маусымдық жұмыс орны ашылмақ. Бұл Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары мен Кендірлі жағажай туризм кластерлері жобалары бойынша жүзеге аспақ. ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда 2014 жылдан бастап 48 елдің азаматтарына 15 күнге, ал 2015 жылдан бастап 30 күнге дейін визасыз жүріп-тұруына мүмкіндік берілмек. Бұған дейін Қазақстан дипломатиялық төлқұжатпен 56, 38 елмен шетелдік төлқұжатпен, 16 елмен ұлттық төлқұжатпен визасыз жүйе орнатылған болатын.

Соңғы жаңалықтар