Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар өзіндік даму бағыты, ұстанған мақсаты бар іргелі қауым

Бұл демократиялық елдерге қойылатын басты талап. Азаматтық қоғам мемлекет тарапынан қолдау тауып, үкіметтік емес ұйым өкілдері елде болып жатқан кез-келген процестерге емін-еркін араласып немесе оған өзіндік үлесін қоса алатын жағдайға жеткен кезде ғана азаматтық қоғам қалыптасты деуге толық негіз бар. Жалпы азаматтық қоғам ұғымының анықтамасы жеке тұлғаның негізгі құқықтары мен еркіндіктерін заң жүзінде қамтамасыз ете алатын және саяси қорғалатын, мемлекеттен тыс қатынастар саласы, үйлесімді дамыған қоғам дегенді білдіреді екен. Ендеше демократиялық даму бағытын ұстанып отырған Қазақстанда азаматтық қоғам толық орнықты деп айта аламыз ба?
Экономикасы дамыған Батыс елдерінде мемлекеттік маңызы бар қоғамдық жұмыстардың тең жартысын, тіпті басым бөлігін үкіметтік емес ұйымдар атқарады екен. Ал бізде әзірге үкіметік емес сектор мемлекеттік маңызды мәселелердің басым бөлігін жүзеге асырып отыр деп айта алмаспыз. Үкіметтік емес секторда батыстың дамыған елдеріндегі көрсеткіштерге жету үшін бізге әлі қыруар шаруа атқару қажет сияқты. Дегенмен азаматтық қоғам қалыптастыруда мемлекет «ауызды қу шөппен сүртіп отыр» деуге тағы болмайды. Өйткені бұл мақсатта еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бергі атқарылған іс бүгін жап-жақсы нәтижесін беріп отыр.
Жалпы азаматтық қоғам институттары еліміз тәуелсіздігін алғанға дейін де, одан кейін де жұмыс істеп келеді. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда олар сан жағынан да, сапа жағынан да едәуір өсті. Айталық 1990 жылдардың басында Қазақстанда 300 бен 400-дің арасында үкіметтік емес ұйымдар болса, кейінгі жылдары олардың саны 5 мыңға жуықтаған және аталмыш ұйымдарға мүше адамдар саны да күн санап артып келеді. Олар көтеріп жүрген немесе айналысып жүрген мәселелер де ауқымды. Мысалы, үкіметтік емес ұйымдардың бірі мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын мұңдаса, ендігі біреулері зейнеткерлер мен тұтынушылардың жоғын жоқтайды. Сондай-ақ азаматтық қоғамды қалыптастырып, экология, әлеуметтік саладағы мәселелермен айналысып жүрген ұйымдар да баршылық. Қорыта айтқанда, Қазақстандағы үкіметтік емес сектор осы уақытта билік пен халық арасындағы байланыс қызметін атқаратын, көпшіліктің талап-тілектерін жоғарыға жеткізе алатын іргелі ұйымға айналды. Осыған орай қазір олар тарапынан атқарылып жатқан және атқарылуы тиіс мәселелер жетерлік. Ең бастысы, үкіметтік емес ұйымдар өзара ауызбіршілікте, ынтымақтаса жұмыс істесе болғаны. Бұлай дейтініміз, Қазақстаннның азаматтық альянсының төрайымы, Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында «үкіметтік емес ұйымдар бірлесе қызмет еткен жағдайда үлкен қоғамдық күшке айналып, нәтижелі жұмыстар атқара алады» деп атап өткен еді. Депутаттың сөзінше, елде бірі Үкіметтен, енді біреулері халықаралық ұйымдардан гранттар мен түрлі көлемде қаржы алып, өз беттерінше жұмыс істеп жатқан ұйымдар жетерлік. Әрине олардың істеріне сәттілік. Дегенмен «жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін олардың да бірауық ескергендері жөн болар еді. Жалпы азаматтық қоғамға қатысты елдегі жағдайдың бұлайша сипат алуы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елде жүргізіп отырған сарабдал саясатының нәтижесі.
Қазақстан Президентінің бастамасымен дүниеге келген Азаматтық форум бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп, ортақ проблемаларын талқылауға арналған алаң және ол үкіметтік емес сектордың дамуына ықпал етіп отырған іргелі шаралардың бірегейі. Ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстанның азаматтық альянсы аталған жиынды төртінші рет өткізбек. Форумның осыған дейін ұйымдастырылған басқосуларында үкіметтік емес сектордың дамуына ықпал еткен үлкен жұмыстардың атқарылғандығы белгілі. Атап айтқанда алғашқы форумға Елбасының өзі бастамашы болып, онда елде үкіметтік емес ұйымдардың бар екендігін және олардың қолдаушыларының да жеткілікті екендігі айқын болды. Яғни қоғам өкілдерінің үкіметтік емес секторға деген сенімі, оларға деген қызығушылығы пайда бола бастады. Сондай-ақ алғашқы форум елімізде билік пен бизнес арасында да байланыс бар екендігін дәлелдеп берген жиын болды.
Екінші форум бұдан да нәтижелі, жемісті болды. Онда 500-ден астам үкіметттік емес ұйымдардың басын біріктіретін Қазақстанның азаматтық альянсы құрылды. Сондай-ақ осы жиында азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасы қабылданып, оны Мемлекет басшысы бекітті. Бұл құжатты жүзеге асыру жоспары да қабылданды. Осы орайда айта кететін мәселе, үкіметтік емес ұйымдар осы уақытта белгіленген жоспар бойынша аталмыш тұжырымдаманың бірінші кезеңін жүзеге асырып та үлгерді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде үкіметтік емес ұйымдар бүгінде өзіндік даму бағыты, ұстанған мақсаты бар, ел өміріндегі біршама мәселелердің шешілуіне ұйытқы болып келе жатқан іргелі ұйымға айналып отыр.
Алдағы болатын 4-ші форумда қоғамдағы өзекті деген мәселелер, соның ішінде мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты әрі қарай дамыту, адам құқықтары және әлеуметтік қызмет көрсету және ондағы үкіметтік емес ұйымдардың үлес салмағы сияқты келелі мәселелер талқыланбақ. Онда саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдары, халықаралық ұйымдар өкілдерінен жиналған 630-ға тарта адам жоғарыда аталған мәселелер төңірегінде пікір алмасатын болады. Жиынға сондай-ақ Парламент депутаттары да қатыспақ. Жиынның алғашқы күнінде осыған дейінгі форумдарда атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылып, «Таным» байқауының жеңімпаздары анықталады. Онда елдегі ең үздік деген үкіметтік емес ұйымдар 15 түрлі аталым бойынша дайындалған сыйлықтармен марапатталады. Форумның екінші күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен пленарлық мәжіліс өтеді. Бұған қоса жиын бағдарламасына сәйкес тағы көрме ұйымдастырылады деп күтілуде.