Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындауларға шолу
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада бірқатар маңызды кадрлық ауыс-түйістер орын алды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бұл аптада Қазақстанда болған кадрлық тағайындауларға шолу ұсынады.
***
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары тағайындалды.
«Тимур Мұратұлы Сүлейменов Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылсын», -делінген Мемлекет басшысының Жарлығында.
***
Осы аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Аида Балаева ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Аида Ғалымқызы Балаева 1974 жылы туған. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген. 1999-2002 жылдары – Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы. 2002-2004 жылдары – Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының талдау және қоғамдық-саяси үрдістерді үйлестіру бөлімінің бастығы.
2006-2008 жылдары – Алматы қаласының ішкі саясат департаментінің директоры. 2008-2010 жылдары – Астана қаласының ішкі саясат басқармасының бастығы. 2010-2014 жылдары – Астана қаласы әкімінің орынбасары. 2014 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысының Өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
***
Бұл аптаның басында Мемлекет басшысы бірқатар кадрлық ауыс-түйістер жасады.
Сатыбалды Ересұлы Бұршақов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі қызметінен босатылды.
Айдын Жеңісұлы Құлсейітов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының меңгерушісі қызметінен босатылды.
***
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы тағайындалды.
«Талғат Бегімұлы Қалиев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды», делінген құжатта.
Т. Қалиев «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саяси ғылымдар кандидаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына енген.
***
Аптаның ортасында Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қуанышбай Әлжіков елорданың қалалық, аудандық және оған теңестірілген соттарының жаңадан тағайындалған судьяларын таныстырды.
Атап айтқанда, ҚР Президентінің 2019 жылғы 17 шілдедегі Жарлығымен Ақмарал Көшербаева Нұр-Сұлтан қалалық сотына, Мөлдір Әсембаева Алматы аудандық сотына, Арман Төлеубаев Есіл аудандық сотына, Ибрагим Әлкенов №2 Сарыарқа аудандық сотына, Алуа Байболатова мен Мейрамбек Ибрашев мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына, Виктория Семенова қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына судья болып тағайындалды.
***
Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров облыстық соттың пленарлық отырысында ҚР Президентінің Жарлығымен тағайындалған Ақмола облысы сот төрағалары мен судьяларын таныстырды.
Президенттің 17 шілдедегі Жарлығымен Даулетияр Машрапов Жарқайың аудандық соты судьясы лауазымынан босатылып, Астрахан аудандық сотының төрағасы қызметіне, Гүлмира Анарбекова Біржан сал аудандық аудандық сотының төрағасы қызметіне, Айнагүл Аймурзинова Көкшетау қалалық сотының судьясы лауазымынан босатыла отырып, Ақмола облыстық сотының судьясы қызметіне, Торқалы Бектұрсынов СҚО Айыртау аудандық сотының судьясы лауазымынан босатыла отырып, қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қызметіне тағайындалды.
***
Үкімет басшысының Өкімімен Ержан Жиенбаев ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ержан Нұрланұлы 1981 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2002–2005 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде еңбек еткен. 2005 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында жұмыс істейді. Аға сарапшы, бас сарапшы, бас кеңесші, сектор меңгерушісі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімінің меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2012–2013 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заңнама, қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2013 жылдан бастап соңғы тағайындалуға шейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
***
ҚР Үкіметінің қаулысымен Ахметжан Әбдіжәмілұлы Пірімқұлов ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Ахметжан Пірімқұлов 1979 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 2000 жылы «экономист» мамандығы бойынша М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2003 жылы «заңгер» мамандығы бойынша Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған. Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар. Еңбек жолын 2001 жылы Жамбыл облысының прокуратура маманы ретінде бастады, сот жүйесінде жұмыс істеген. 2012–2016 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің төраға орынбасары қызметтерін атқарған. 2016 жылғы маусымнан 2017 жылғы қараша аралығында ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. 2017 жылғы қарашадан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
***
Өтіп бара жатқан осы аптада ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменттерінің басшылары бекітілді.
Сонымен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының жетекшісі қызметіне Қуаныш Жапақов тағайындалды. Ол осыған дейін түрлі мемлекеттік органдарда басшылық қызметтерді атқарды.
Ал Алдын алу департаментіне басшы ретінде Анар Жарова бекітілді. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы құқық қорғау органдарында қызмет етуде.
Бұдан бөлек, Серіктестік департаментіне Лейла Йылдыз, Парасаттылық департаментіне Данияр Сабирбаев басшылық етеді. Д. Сабирбаев осы уақытқа дейін агенттіктің жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры лауазымын атқарды.
Мұнымен қоса, Стратегия және жедел басқару департаментін Есқали Саламатов басқарды. Ол ұзақ жылдар бойы құқық қорғау органдарында қызмет етті.
Кадрлық жұмыс департаменті басшысы ретінде Нұрлан Жақсымбетов бекітілді. Өзіндік қауіпсіздік департаментіне Мұрат Қарымсақов жетекшілік етеді.
Сонымен қатар, бұл аптада ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлер бойынша департамент басшылары тағайындалды.
Агенттіктің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент басшысы болып Нұрлан Сұлтанұлы Қыдырбаев тағайындалды.
Алматы қаласы бойынша департаментінің басшылығына Қайрат Имәтұлы Сөнтаев, Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшылығына Асхат Жұмағалиұлы Жұмағали келді.
Атап айтқанда, агенттіктің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Мұрат Ахтанұлы Төлеубаев, Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Мирлан Бегежанұлы Мұхамбетов, Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Данияр Мұханұлы Тұрғанбаев тағайындалды.
Бұдан бөлек, агенттіктің Атырау облысы бойынша департаментіне Нығмеджан Мұхамеджанұлы Сапаров, Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне Ерлан Нағашбайұлы Жалмағамбет, Жамбыл облысы бойынша департаментіне Әділхан Хасымханұлы Аширбаев, Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне Рустам Сапарбекұлы Ақмырзаев, Қарағанды облысы бойынша департаментіне Денис Владимирович Шакенов, Қостанай облысы бойынша департаментіне Қуаныш Базарұлы Бекбасов, Қызылорда облысы бойынша департаментіне Ардақ Жайдақұлы Ерсейтов бекітілді.
Мұнымен қоса, Маңғыстау облысы бойынша департаментіне Болат Нұрғазыұлы Жылқыбаев, Павлодар облысы бойынша департаментке Айдар Нұрманұлы Тастеміров, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментке Ернар Ерболұлы Баянғазин, Түркістан облысы бойынша департаментке Хаким Дүйсешұлы Көшқалиев тағайындалды.
***
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Қызылорда облысы әкімінің облыс әкімінің өкімімен Бахыт Дүйсенұлы Жаханов мен Марат Нұрсайынұлы Делмұханов облыс әкімінің орынбасары қызметтеріне тағайындалды.
Б. Жаханов 1974 жылы туған. Ы. Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтын «экономист-менеджер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы департаментінің жетекші маманы болып бастаған. Әр жылдары Қызылорда облысының экономика, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, сондай-ақ білім басқармаларында жауапты қызметтер атқарған. 2011-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазалы ауданының әкімі болды. 2015 жылдың маусым айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
М. Делмұханов 1979 жылы дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «бухгалтер-экономист» және «заңгер» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы Батыс Қазақстан облысының экономика басқармасының бас маманы ретінде бастаған. 2002-2010 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты талдау-эксперттік бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, «Технопарк «Алгоритм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, 2010-2013 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппаратында қызмет атқарып, одан кейін Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды.
Ал 2013-2017 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2017 жылдың маусым айынан бастап осы кезге дейін Кызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымында еңбек етті.
***
Осы аптада Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин екі орынбасарын активке таныстырды. Қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жауапты болып Жангелді Елеусізұлы Әубәкіров және Гүлназ Сағынқызы Сисенова тағайындалды.
Жангелді Әубәкіров 1979 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін экономист-менеджер біліктілігі бойынша, Қазақ гуманитарлық заң университетін заңгер біліктілігі бойынша аяқтаған. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.
Гүлназ Сисенова күні бүгінге дейін Ақтөбе облысы қаржы басқармасының басшысы болды. Ол да Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін экономист-қаржыгер біліктілігі бойынша аяқтаған.
***
Аптаның соңында СҚО әкiмiнiң өкiмiмен Алтынбек Тағайбекұлы Абдуллаев Есiл ауданының әкiмi болып тағайындалды. Ол осыған дейін ветеринария басқармасы басшысы қызметін атқарды. 1962 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын Көкшетау облысы Чистополье ауылында бастаған. Кеңшарда мал дәрігері, бас мал дәрігері болып жұмыс істеген. Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімінің аппарат басшысы, Мәмлүт, Қызылжар аудандары әкімдерінің орынбасары болған. 2012-2018 жылдары ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары ретінде еңбек етті.
***
Аптаның соңында Зулфухар Жолдасов ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасы болып тағайындалды.
Зулфухар Сансызбайұлы Жолдасов, 1976 жылғы 16 маусымда туған. Білімі жоғары - 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзінің еңбек жолын 1999 жылы «Құнарлы» АҚ заңгер қызметінен бастаған. 1999 жылдың маусымы мен 2000 жылдың мамыры аралығында ҚР ҚК қатарында шұғыл әскери қызметін өтеген.
2015 жылғы желтоқсанынан бүгінгі күнге дейін Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарып келді.
***
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасы болып Арман Тұрлыбек тағайындалды
Арман Алашұлы 1971 жылы 6 мамырда дүниеге келген ұлты қазақ. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «тауартанушы-комменсант» мамандығы бойынша, 2005 жылы Қазақстан – Ресей университетін «құқықтану» мамандығы бойынша, 2007 жылы «экономика» мамандығы бойынша бітірді. 2014 жылы Алматы энергетика және байланыс университетін «электрэнергетик» мамандығы бойынша бітірді.
2016 жылдың қазан айынан бастап 2019 жылдың ақпан аралығында – Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі. 2019 жылдың ақпан айынан бастап 2019 жылғы шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.
***
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығымен Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы лауазымына Виталий Владимирович Ярошенко, Аэроғарыш комитетінің төрағасы лауазымына Баубек Жеткергенұлы Оралмағамбетов тағайындалды.
Виталий Ярошенко 1977 жылы дүниеге келген. Ақмола аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық-заң университетін, Көкшетау экономика және менеджмент институтын тәмамдаған. 2003 жылдан бастап байланыс саласына жетекшілік ететін орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеді.
2017–2019 жылдары — ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары.
Баубек Оралмағамбетов 1983 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Мәскеу авиация институтын бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы М.В. Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғылыми-өндірістік орталығында инженер-конструктор болып бастаған. 2010–2012 жылдары «Бәйтерек» Қазақстан–Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ өкілдігінде бас маман, бөлім басшысы болды.
2016–2017 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарған. 2017 жылғы мамырдан бастап ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.
***
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бұйрығымен «Ұлттық киноны қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып Гүлнәр Сәрсенова тағайындалды.
Гүлнәр Болатқызы - кинопродюсер, режиссер, сценарист. 1966 жылы 6 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған. Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетінде білім алған, кейін атақты СССР кинорежиссері Татьяна Лиознованың тәлімгерлігінен өткен. АҚШ-тың Феникс қаласындағы университеттердің бірінде қосымша кәсіптік білім алған. Философия ғылымдарының кандидаты.