Қазақстандағы жоғары оқу орындары өзіндік үлгідегі алғашқы дипломдарды 2021 жылы табыстайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жоғары оқу орындары жеке үлгідегі алғашқы дипломдарды 2021 жылы табыстайды. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің Республикалық тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.
«ЖОО-лар алдағы жылдан бастап оқуға түсіп, 2021 жылы тәмамдайтын өздерінің түлектеріне жеке үлгідегі дипломдарды береді. Оқу орындары арасында бәсекелестік артып келе жатқанын байқап отырмыз», - деп тоқталды министр. Бұл дегеніміз, 2021 жылдан бастап Қазақстанда жоғары білім туралы мемлекеттік үлгідегі дипломдарды беруден бас тарту көзделіп отырғанын білдіреді. Осы ретте білім сапасы үшін жоғары оқу орындарының жауапкершілігі арта түсетіндігі түсіндірілуде.
Сонымен қатар Е. Сағадиев қазіргі кезде Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның тапсырмасымен кәсіби стандарттарды әзірлеу мен бекіту тұрғысында тиісті жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.