Қазақстанды әлемге өнерім мен ғылым арқылы танытқым келеді – Рахат-Би Әбдісағын
Оксфордта Рахат-Би Әбдісағынның концерті болып өтті. Композитор әрі пианист Вулфсон колледжінде әлемдік классиктердің шығармаларымен қатар өзінің жеке туындысын да орындады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Қазақтың Моцарты» атанған Рахат-Би Әбдісағын қаршадайынан күй сандықтың құлағында ойнайды. Ол – жиырмаға жетпей жатып, жер жүзін мойындатқан композитор әрі пианист. Әлем халқы өнерпаздың жеке концертін асыға күтеді. Бүгін ондай мүмкіндік Оксфорд жұртшылығына бұйырды. Музыкант өнерімен көпшілікті тәнті етті.

«Ұлы классикалық шығармаларды орындап бердім. Бұл – менің Вулфсон колледжі Оксфорд университеті қауымдастығына берген ризашылығымның белгісі. Бір үлкен жоспарым – Қазақстандыәлемге өнерім және ғылым арқылы таныту», - дейді Рахат-Би Әбдісағын.
Музыкант Оксфорд университеті Вулфсон колледжінің арнайы шақырумен келген. Мұнда ол кванттық физика мен замануи музыканың байланысын зерттеп жүр. Жақында ғана Британ ғалымдары Рахат-Бидің ғылыми еңбегімен танысқан. 100-ге жуық профессор оның ізденісіне жоғары баға беріп отыр.

«Әріптестік нәтижесінде көкжиегімізді кеңейттік. Меніңше, біз оның музыкадағы зор тәжірибесінен көп нәрсе үйрендік. Енді кванттық физика саласындағы зерттеулерімізді музыкалық тұрғыдан зерделей аламыз», - дейді Wolfson колледжінің президенті Тим Хитченс.
Концертті Оксфорд университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттер тамашалады. Көрермендер Бах, Бетховен, Шопен және басқа да классиктердің шығармаларын ұйып тыңдады. Рахат-Би өзінің төл туындысын да орындады. Cегіз жұрттың тілінде еркін сөйлейтін өнерпаз әр нөмірдің алдында шығармаларға түсініктеме беріп отырды.

«Бүгінгі кеш керемет өтті. Зияткерліктің, эмоцияның және рухани тереңдіктің ерекше үйлесімі музыка арқылы жеткізілді. Ғасыр композиторларының шығармаларын Рахат-Би ғажап орындады», - дейді Оксфорд университетінің профессоры Эндрю Бриггс.

«Маған музыканттың әр нәрсеге тарих тұрғысында қарайтыны ұнайды. Динамиканың тарихы туралы кітап жаздым. Сондықтан ортақ тақырыбымыз өте көп. Рахат-Бимен танысқаныма қуаныштымын. Кім біледі? Бір күні Қазақстанға да барып қалармыз», - дейді тәуелсіз Британ зерттеушісі Джулиан Барбур.
Рахат-Би Әбдісағын келер жылдың көктеміне қарай Шотландияның 4 ірі шіркеуінде өзі жазған операсының тұсаукесерін өткізбекші. Шығарма Сент Эндрюс университеті және Корольдік консерваторияның қолдауымен дүниеге келген және Англия мен Шотландияның орта ғасырларлық тарихы туралы сыр шертеді.