Қазақстанды мақтан тұтамын: Ксения Собчак Бишімбаевтың ісі туралы айтты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ресейлік тележүргізуші және журналист Ксения Собчак марқұм Салтанат Нүкенованың ісіне қатысты пікір білдірді.

Орталық Азия әйелдерінің форумына арнайы келген Ксения Собчак
Фото: Kazinform/Александр Павский

Орталық Азия әйелдерінің форумына арнайы келген Ксения Собчак тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болған Салтанат Нүкенованың соты туралы айтты.

«Өздеріңіз білесіздер мен көктемде Қазақстанға қайғылы жағдайда келдім. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған Салтанат Нүкенованың соты туралы айтып отырмын. Мен қоғамдық резонанс тудырған мәселені ашық көрсетіп, дұрыс шешім қабылдағаны үшін Қазақстанды мақтан тұтамын»,- деді ол.

Оның айтуынша, сананы өзгерту ең қиын нәрсе және оны біртіндеп жүзеге асыру керек.

«Ал қоғамның қысымы жағдайды қалай өзгерте бастады, зорлық-зомбылық құрбандарына деген көзқарас өзгерді», - деді Ксения Собчак.

Сондай-ақ, ол қазақстандық әйелдердің нәзік әрі ер мінезді екенін тілге ерекше атап өтті.

Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды.

Бұл іс елімізде үлкен қоғамдық резонанс тудырып, сот отырыстары онлайн өтті. Нәтижесінде Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Осы процестер кезінде Ксения Собчак сот отырысына қатысу үшін Қазақстанға арнайы келген болатын. 

Собчак на суде над Бишимбаевым
Фото: ҚР Жоғарғы сот баспасөз қызметі

Кейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ресейлік журналист Ксения Собчак пен блогер Наталья Грейстің Қазақстандағы сот отырысына қатысуы туралы пікір білдірді.

Айта кетейік, биыл 12 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен ілеспе құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданған еді. Дәл осы заң ел ішінде ғана емес көршілес Ресей қоғамында да қызу талқыға түскен еді. 

Соңғы жаңалықтар