Қазақстандық ағылшын тілі мұғалімдері білімін Лондонда шыңдады

ЛОНДОН. KAZINFORM — Жиырмадан астам ағылшын тілінің мұғалімі мен сала басшылары британиялық әріптестерімен кездесіп, үздіксіз кәсіби даму жүйесінің озық үлгілерімен танысты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

білім
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

Қазақстанда ағылшын тілі пәнін тиімді оқыту мәселелері өзекті болып тұр. Бұл туралы 2 жыл бұрын Қазақ-Британ үкіметаралық комиссия отырысында айтылды. Арнайы құрылған жұмыс тобы ғылыми зерттеулер жүргізіп, ұсыныстар білдірді. Солардың бірі отандық мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуы үшін озық британиялық әдістемемен тереңірек танысу. 

білім
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Әріптестеріміздің тәжірибелері, әрине, әлемге танылып жатыр. Жаңа ақпаратты осы кісілерден алып, өзіміздегі проблемаларды шешу жолын қарастыру үшін келіп отырмыз», - дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің басқарма басшысы Әлия Чокушева.

22 адамнан тұратын делегация құрамында жоғары оқу орындарының басшыларынан бастап, ауыл мұғалімдеріне дейін бар. Шақырушы тарап - Ұлыбритания халықаралық сауда департаменті және Британ кеңесі. Олар үздіксіз кәсіби даму жүйесі бойынша панельдік пікірталастар өткізіп, мектептер мен универсиеттерге сапарлар ұйымдастырды. 

білім
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Ұлыбритания мұғалімдер дайындауда өте қатаң әлемдік стандарттарды ұстанады. Біз үздіксіз кәсіби даму мәселесіне ерекше мән береміз. Осы білімімізбен қазақстандық әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз», - деді Кингс колледж Лондон университеті білім, коммуникация және қоғам мектебінің басшысы Ливия Матэй.

білім
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

Сапар барысында мұғалімдерді сертификаттау, олар үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру және мектеп басшылары мен әдіскерлерді қолдау мәселелері де басты назарда болды. Үздіксіз кәсіби дамудың принциптері мен тәжірибелерін үйрену үшін отандық педагогтар британиялық әріптестерімен тығыз байланыс орнатты.

Соңғы жаңалықтар