Қазақстандық археологтер Павлодар облысынан сақ дәуіріне тиесілі қола пышақтар тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Марғұлан университетінің археологтары мен студенттері Павлодар облысының Баянауыл ауданында сақ дәуіріне тиесілі екі қола пышақ тапты. Құнды жәдігерлер Торайғыр көлінің маңындағы қорғаннан жазғы далалық тәжірибе кезінде анықталды.

қол пышақ
Фото: Видеодан алынған скрин

Археологиялық қорлардың бас сақтаушысы Елена Тушеваның айтуынша, бұл заттар «Торайғыр-6» ескерткішінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған. Сонымен қатар мамандар «Торайғыр-7» атты жаңа қорғанды да анықтаған.

– Біз екі қорғанды қазу кезінде сақ дәуірінің ерте кезеңіне жататын, қоладан құйылған пышақтар таптық. Бұл – Павлодар облысы үшін сирек кездесетін археологиялық олжа, – деді Елена Тушева.

Маманның мәлімдеуінше, пышақтар көне технология бойынша жасалғанымен, стилистикасы ерте темір дәуіріне жатады. Бұл – өңірде металлургиялық шеберлік пен мәдени байланыстардың жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.

Археологтар сондай-ақ бұл маңнан Тасмола мәдениетіне тиесілі адам қалдықтарын да анықтаған.

– Қаңқа сүйектер жақсы сақталған, бұл бізге жынысы, жасы және антропологиялық сипаттамаларын анықтауға мүмкіндік берді. Қабаттарды тереңірек тазалау барысында Андронов мәдениетіне жататын қабірлерді де таптық, – деді «Тарих» мамандығының студенті Ангелина Грищенко.

Айта кетейік, Марғұлан университеті Баянауыл аймағында археологиялық зерттеулерді он жылдан астам уақыт бойы жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бүгінде оқу орны өңірдегі негізгі тарихи-мәдени мұра нысандарының сақталуына атсалысуда.

Бұған дейін алматылық археологтер сақ дәуіріне тиесілі алтын жүзік тапқан.

Соңғы жаңалықтар