Қазақстандық әуе компанияларының иелігінде 99 ұшақ бар

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы отандық әуе компаниялардың паркі 25 ұшақпен толықтырылады. Атап айтсақ, «Air Astana» және «SCAT» авиакомпаниялары Airbus және Boeing зауыттарынан су жаңа ұшақтарды жеткізуді жоспарлап отыр.

ұшақ
Фото: Көлік министрлігі

ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген жауабында 2025 жылдың соңына дейін «Air Astana» Airbus А320/321 маркалы 15 ұшақты және Boeing 787 маркалы 2 ұшақты сатып алатынын айтты. Ал «SCAT» Boeing 737 маркалы 8 ұшақты жеткізуді көздеп отыр. 

Белгілі болғандай, былтыр 12 жаңа ұшақ қатарға қосылған. «Air Astana» 8 ұшақ сатып алса, «SCAT» 4 ұшақпен шектелген. Ал «Air Astana» 1, «SCAT» 4 ұшақты есептен шығарған. 

«Қазір қазақстандық авиакомпаниялардың иелегінде 99 ұшақ бар. Атап айтсақ, «SCAT» - 37, «Air Astana» – 50, «Qazaq Air» – 5, «Южное небо» – 5 және «Жетісу» әуе компаниясына 2 ұшақ тиесілі. Көбіне Airbus A320-321 (42) және Boeing 737 (33) маркалы ұшақтардың үлесі басым», - деді Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

Техникалық қызмет көрсету бағдарламасына сәйкес, бір ұшақ (Airbus A320 және Boeing 737) қалыпты жағдайда шамамен 120,000 - 150,000 ұшу сағаттарына дейін қызмет көрсете алатынын атап өткен жөн.