Қазақстандық әуе компанияларының Таяу Шығысқа рейстері қашан жанданады

АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығысқа әуе көлігінің қауіпсіз сапарына жағдай жасалмаған. Бұл туралы ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлім етті.

Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты ұшақтар Ташкент әуежайына қонып жатыр
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Бүгін Сенатта тілшілер Таяу Шығыс елдеріне Қазақстанның әуе компанияларының сапарын жандандыруға қатысты сұрақ қойды.

— Қазақстандық әуе компаниялары сол бағыттағы рейстерді уақытша тоқтатты. Ол өңірдегі ахуал әлі де тұрақсыз әрі құбылмалы. Кейбір компаниялар әуе тасымалын жалғастырып келеді, яғни олардың қатарында Fflydubai-ды атап өтуге болады. Дегенмен, жақында дубайлық әуежайдың жұмысы да уақытша тоқтап қалған еді. Бұл тұрғыда қауіпсіз рейстерге төнген қауіпке байланысты шешімдер өзгеріп жатыр, — деді Т. Ластаев.

Оның айтуынша, аталған мәселені ескере отырып, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Көлік министрлігі алдағы уақытта тиісті шешім қабылдайды.

— Әзірге, отандық компаниялар уақытша ол жаққа сапарламайды. Сондықтан Таяу Шығыстағы әуежайлардың тұрақты жұмысы туралы айта алмаймыз, — деді вице-министр.

Бұған дейін хабарланғандай, Иранға жасалған шабуыл Таяу Шығыстағы әуе қатынасын тоқтатты.

Айта кетейік, Таяу Шығыстан 10 мыңнан астам Қазақстан азаматы шығарылды.

 

Соңғы жаңалықтар