Қазақстандық ауыр атлет Азия чемпионатының кіші қола жүлдегері атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында бүгін қазақстандық атлет Кирилл Староверкин жұлқа көтеруде 150 келіні бағындырып, кіші қола медаль иегері атанды.

Атап айтсақ, Ташкенттегі Азия чемпионатында ерлер арасында 96 келіге дейінгі салмақтың үздіктері анықталды. Бұл салмақта отандасымыз Кирилл Староверкин ел намысын қорғады.
Нәтижесінде жұлқа көтеруде 150 келіні бағындырған ол кіші қола медаль иегері атанды. Ал серпе көтеруде 180 келіні бағындырып, қоссайыс қорытындысында 330 келі көрсеткішпен 4-орын иеленді.
Жарыс қорытындысы:
1-орын - Оңтүстік Корея - Вон Йон Бём 367 кг (161+205)
2-орын - Өзбекстан - Суннатилла Усаров 346 кг (161+185)
3-орын - Қырғызстан - Нұрсұлтан Тармалов 333 кг (149+184)
4-орын - Қазақстан - Кирилл Староверкин 330 кг (150+180)
Естеріңізге сала кетейік, Ташкент қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында екі отандасымыз 2 күміс жүлде жеңіп алған болатын. Оның бірін 67 келіге дейінгі салмақта Сайрамкез Ақмолда жеңіп алса, екіншісін 81 келіге дейінгі салмақта Александр Уваров қанжығасына байлады.
10 ақпанға дейін жалғасатын құрлықтық біріншілікте Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік беретін рейтингілік ұпайлар үлестіріледі.