Қазақстандық балмұздаққа қай елдерде сұраныс жоғары
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы балмұздақ өндірушілері биылғы жаз айларында жаңа рекордтарды орнатты. Статистика деректеріне қарағанда, ресурстық база мен өндіріс көлемінің айтарлықтай кеңейгені байқалды. Бұл жағдай отандық өндірістің нығаюымен қатар, экспорттық-импорттық ағындардың өзгергенін де айғақтайды.
— Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-тамызында балмұздақ пен тағамдық мұз өндіру көлемі 77,5 мың тоннаға жетіп, былтырғы жалпы көрсеткіштен асып түсті. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 57% өсім болды. Атап айтқанда, биылғы жазда өндіріс көлемі рекордтық деңгейге жеткені байқалды. Маусым айында өндіріс көлемі 20 мың тоннадан асып, мамыр айындағы көрсеткіштен екі есеге көп болды, — делінген Energyprom.kz мәліметінде.
Сауда көрсеткіштері ішкі нарықтың жергілікті компаниялардағы өндірістің ұлғаюына оңтайлы әсер еткенін көрсетеді. Биылдың алғашқы сегіз айында ішкі нарық көлемі шамамен 61%-ға өсті. Балмұздақ пен басқа да тағамға арналған мұздатылған өнімдерді сату көлемі 72,6 мың тоннаға жетті. Бұл өз кезегінде кейінгі бірнеше жылдағы рекордтық көрсеткіш.
Ресурстық теңгерім балмұздақ өндіруші отандық кәсіпорындардың ішкі нарықтағы өз позицияларын айтарлықтай нығайтқанын айқындады. 2026 жылдың қаңтар-тамызында жалпы ресурстық көлемдегі отандық өнімнің үлесі 88,2%-ға жетті. Шетелдік өнімдердің үлесі 11,8%-ға дейін төмендегенін ескерсек, бұл жағдай — импортты алмастыру бағытындағы тағы бір қадам.
Қазақстандық өндірістің өсуі ішкі нарық әлеуетін арттырып қана қоймай, экспорт ауқымын да кеңейтті. Бір жыл ішінде басқа елдерге жөнелтілген өнім көлемі 28,9%-ға артып, 15 300 тоннаға жетті. Бұл — 2020 жылдан бергі жылдық көрсеткіштермен салыстырғанда бұрын-соңды болмаған меже. Қазақстандық балмұздақ Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия және басқа да елдерде сатылады.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, биылғы қаңтары мен қыркүйек аралығында өндірушілер балмұздақ бағасын 9,5%-ға көтерген. Алайда, бағаның өсуіне тек инвестициялар ғана емес, сонымен қатар инфляциялық қысым, сүт бағасының қымбаттауы және өнімнің түпкілікті құнына кіретін басқа да шығындар әсер етуі мүмкін.
Бұған дейін Қазақстанда корей технологиясымен балмұздақ өндірісі іске қосылатынын жазған едік.
Еске салсақ, биыл қазан айында Ресей Қазақстаннан балмұздақ әкелуге уақытша шектеу қойды.