Қазақстандық балуан Азия чемпионатының финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Күрес түрлерінен Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Бүгін грек-рим күресінен қазақстандық төрт балуан жартылай финалда бақ сынады.
Солардың ішінен Алматы облысының өкілі Алматбек Аманбек қана финалға жолдама алды. Алматбек 72 келіге дейінгі салмақта қырғызстандық, Азия ойындарының, әлем және Азия чемпионатының қола жүлдегері Амантур Исмаиловқа қарсы келді.
Кілем иесі фаворит саналғанымен, қазақстандық балуан табандылық танытып, 3:1 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп, сенсация жасаған А.Аманбек ертең алтынға таласады.
Тағы бір қазақстандық Ербол Камалиев 60 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда Париж олимпиадасының және 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Се Ун Риден таза ұтылды — 0:8.
Ибрагим Магомадов 82 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда қатарлық Шахин Бадахимофрадты жеңіп жатып, есе жіберді — 8:9.
Сондай-ақ Ислам Евлоев 97 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда атақты ирандық балуан, Олимпиада чемпионы Мохаммадхади Саравидан өте алмады — 1:3.
Е.Камалиев, И.Магомадов және И.Евлоев ертең қола жүлде үшін күреседі.
Бүгін кешке Қазақстаннан Қаһарман Қисметов (77 кг) пен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) қола жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бішкекте өтетін күрес түрлерінен Азия біріншілігіне кімдер қатысатынын жазған болатынбыз.