Қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан әлем чемпионатының финалында өнер көрсетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан Испанияның Понтеведра қаласында күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
Қазақстандық еркін күрес шебері 97 келіге дейінгі салмақта алдымен ирандық Аболфазла Давуд Бабаланы 12:1 есебімен мерзімінен бұрын тізе бүктірді. Содан кейін ширек финалда грекиялық Николаос Караваносты дәл сондай есеппен қапы қалдырды.
Ризабек жартылай финалда америкалық Джастин Рэйдмахерді де айқын басымдылықпен ұтты – 9:1. Финалдық белдесу 7 қыркүйек күні болады.
Ризабек Айтмұхан өткен жылы 19 жасында ересектер арасында 92 келіге дейінгі салмақта айды аспанға шығарып, тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен алғаш рет әлем чемпионы атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық балуанның жастар арасында әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.