Қазақстандық банктер мемлекетке қанша қаржы қайтаруы тиіс

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еліміздегі екінші деңгейлі банктердің балансында қанша мемлекеттік қаражат барын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қазақстандық банктер мемлекетке қанша қаржы қайтаруы тиіс
Коллаж: Kazinform

Мәліметке сай, 2023 жылдан 2025 жылдың мамырына дейін төрт банк жалпы сомасы 409,6 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын ішінара қайтарды, соның ішінде:

• «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мемлекетке 250 млрд теңге көлемінде қаржыны қайтарды (оның 68,4 млрд теңгесі 2023 жылы және 181,6 млрд теңгесі 2024 жылы);

• «Jusan Bank» АҚ 2024 жылы «Самұрық-Қазынадан» шығарылған 100 млрд теңге көлеміндегі субординациялық облигацияларды мерзімінен бұрын сатып алды;

• «Bank RBK» АҚ және «Банк ЦентрКредит» АҚ жалпы сомасы 59,6 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қаражатты ішінара мерзімінен бұрын қайтарды (оның ішінде Bank RBK — 29,6 млрд теңге және БЦК – 30 млрд теңге).

Қазіргі уақытта бес банктің балансында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және сауықтыру мақсатында берілген 1,4 трлн теңге көлемінде мемлекеттік қаражат бар. Олар:

• «Банк ЦентрКредит» АҚ — 30 млрд теңге;

• «Еуразиялық банк» АҚ — 150 млрд теңге;

• «Bank RBK» АҚ — 214,1 млрд теңге;

• «Jusan Bank» АҚ — 1 000,2 млрд теңге;

• «Nurbank» АҚ — 46,8 млрд теңге.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Jusan Bank-ке ребрендинг жасалып, Alatau City Bank деп аталады. 

Банктің баспасөз қызметі атау өзгерісі мемлекет алдындағы міндеттемелерге әсер етпейтінін растады.

Сондай-ақ агенттіктен атап өткендей, мемлекеттік қолдау аясында бөлінген қаражат банктермен жасалған келісімшарт талаптарына сәйкес қайтарылады.

Kazinform агенттігі бұл қаражаттардың өтеу кестесіне қатысты Қазақстанның орнықтылық қорына сұрау салды. Алайда қор «бұл ақпарат ашық мәліметтер санатына жатпайтынын» айтып, жауап беруден беруден бас тартты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық Банк 2017-2020 жылдары «ҚР банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі бірқатар банкке шамамен 700 млрд теңге көлемінде субординацияланған облигациялық қарыз бөлгенін мәлім етті. 

Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов банктер «Бәйтерек» ҰБХ мен «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алған өте ұзақ мерзімді және өте жеңілдетілген облигациялар шығарғанын, жалпы мемлекеттік көмек көлемі 1,4 трлн теңге болғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар