Қазақстандық байланыс спутниктерінің жаңа легі болуы тиіс – депутаттар

Спутник
Фото: freepik.com

ҚР Парламент Сенатының депутаттары Республикалық ғарыштық байланыс орталығының (РҒБО) мамандарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Kazinform. 

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Ақмола облысының Ақкөл қаласында орналасқан «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығының жұмысымен танысу мақсатында көшпелі отырыс өткізді. Елімізді байланыспен қамтамасыз ететін «Kazsat» қазақстандық спутниктеріне басқару дәл осы жерден жүргізіледі. 

Мұнда ат басын бұрған Сенат комитетінің төрағасы Андрей Лукин депутаттардың іссапарының мақсатына тоқталды. Ұлттық ғарыштық байланыс жүйесін дамыту, спутниктердің тиімді жұмысы, барлық қазақстандықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін қандай қолдау қажет – депутаттар таныспақ болған сұрақтар осы. Сенаторлар жақында өткен «Digital Bridge» технологиялық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырмалар легін еске салды. Атап айтқанда, Президент Үкіметтің алдына 2025 жылға дейін еліміздің барлық облыс орталығын жаңа буынды ұялы байланыспен қамту жұмысын жеделдетуді тапсырған болатын. 

«Бүгінде 6 200-ге жуық ауыл бар. Соның 3 мыңын 2027 жылға дейін қолжетімді интернетпен қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін инфроқұрылымды дамыту маңызды. Жақында ғана Президенттің қатысуымен жиын өтті. Онда осы мәселелердің барлығы көтерілді, нақты тапсырма жүктелді. Оған сай, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арнайы ұлттық жоба дайындады», - деді Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев. 

Сенаторларға байланыс мониторингі орталығы жүйесінің техникалық жарақтандырылу деңгейі жайлы ақпарат ұсынылды. Бүгінгі таңда РҒБО қызметтерін 17 байланыс операторы пайдаланады. Олардың ішінде «Astel» АҚ, «Қазтелерадио» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «Алмателекоммуникейшнс» ЖШС сияқты компаниялар бар. 

Орталықта депутаттар тәулік бойы онлайн режимінде жұмыс істейтін «Kazsat-2», «Kazsat-3» спутниктерімен байланыс сеансын тамашалады. 

«Бүгінде әлемде 200-ге жуық мемлекет бар. Сол елдердің барлығының осындай спутниктері жоқ. Алдыңғы қатарлы 11 державада ғана спутниктер бар. Осы елдердің қатарына Қазақстанның кіруі – орасан жетістік. Біздің «Kazsat-1» өзінің ресурсын тауысты. «Kazsat-2», «Kazsat-3» жұмыс істеп жатыр. Болашақта «Kazsat-3R» кешенін құру үшін жұмыстарды қолға алуымыз керек. Яғни, ол 2027 жылдан бастап жұмыс істеуі тиіс», - деді Ғалиасқар Сарыбаев. 

РҒБО АҚ басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев депутаттарға Қазақстанның тұңғыш Ұлттық ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі екі байланыс спутнигі арқылы жұмыс істеп тұрғанын айтты. Негізгі басқару Ақмола облысындағы «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығынан жүргізіледі. Ал резервтік басқару Алматы облысындағы «Көктерек» ғарыштық орталығында орналасқан. 

«РҒБО оператор ретінде елдің телехабар тарату, байланыс, интернет желісіне қажеттілігін 100% қамтамасыз етеді. Қазақстанның ғарыштық байланысы – бұл ел операторлары үшін ғарыштық байланыс қызметтерін ұсыну ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің ақпараттық дербестігін қамтамасыз ету, ел экономикасына нақты үлес қосу», - деп атап өтті РҒБО АҚ басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев. 

Бүгінде Қазақстан аумағында ғарыштан сигнал қабылдайтын 15 мыңнан астам станция бар. Біздің спутниктердің қызметін Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының операторлары да пайдаланады.

Бұған дейін жету қиын қала мен ауылдарды спутник арқылы тікелей байланыспен қамту жөніндегі пилоттық жоба іске қосылған еді. Осының нәтижесінде 504 елді мекеннің 176-сы интернетке қол жеткізді. 

Көшпелі отырыс барысында депутаттар Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовке «Байқоңыр» кешенінің жұмыс істеуі, Қазақстанның ғарыш саласын дамытудың перспективалық және проблемалық мәселелері бойынша сұрақ қойды. Жиынды қорытындылай келе, сенаторлар РҒБО-ның ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесін жедел шешуге қатысуы маңызды екенін атап өтті. Бұл бағытта депутаттар қолданыстағы заңнаманы жетілдіру ісіне жәрдемдеспек. 

Соңғы жаңалықтар