Қазақстандық брокерлер енді ЕАЭО биржасына қатысатын болады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан үкіметі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қол қою үшін брокерлер мен дилерлерді Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) қор нарықтарына өзара кіргізу туралы келісімді жолдады.

-ҚР Үкіметі қаулы етеді: «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің брокерлері мен дилерлерін басқа мүше мемлекеттер биржаларының (сауданы ұйымдастырушылардың) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға рұқсат беру туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін,- делінген құжатта.
Келісімнің нысанасы бір мүше мемлекеттің брокерлері мен дилерлерін басқа мүше мемлекеттің биржасы (сауданы ұйымдастырушы) өткізетін, бағалы қағаздармен және (немесе) туынды қаржы құралдарымен ұйымдастырылған сауда-саттыққа (туынды қаржы құралдары болып табылатын шарттар жасасуға) (бұдан әрі – туынды қаржы құралдары) қатысуға рұқсат беруді қамтамасыз ету болып табылады.
-Әрбір мүше мемлекет дилерлік қызметті жүзеге асыру үшін басқа мүше мемлекеттердің дилерлерінің, сондай-ақ осы баптың 10-тармағының ережелерін ескере отырып, тек қана ұлттық клиенттер мен шетелдік клиенттердің мүддесінде брокерлік қызметті жүзеге асыру үшін басқа мүше мемлекеттердің брокерлерінің биржаның (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуына рұқсат беру үшін жағдайлар жасайды, -делінген құжатта.
Осыған дейін Қазақстан қор биржасында цифрлық теңге қолданылуы мүмкін екені туралы жаздық.