Қазақстандық дәрігерлер ми метастаздарын хирургиялық операциясыз жоятын мүмкіндікке ие
АСТАНА. KAZINFORM - Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта ісіктерді емдеу үшін заманауи желілік үдеткіш қолданылады. Ол көп жағдайда дәстүрлі хирургияға балама ретінде пайдаланылады. Бұл туралы сәулелік терапия бөлімінің меңгерушісі Рауан Райымбеков айтты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жүйе радиохирургиялық емдеуге арналған, яғни өте қысқа уақыт ішінде ісікті жоғары дозалы радияциямен «күйдіру» жолымен жүзеге асады.
Дәрігердің айтуынша, науқас сеанс кезінде ешқандай қолайсыздық сезінбейді және хирургиялық операциялармен байланысты болатын қауіптер мен асқынуға ұшырамайды, бірден күнделікті тірлігіне орала алады.
Аппаратты әмбебап мақсатта, яғни, ісіктерді тек мида ғана емес, басқа да жерлерде емдеу үшін қолдануға болады.
«Бұл радиохирургия деп аталады. Ми метастаздарын дәстүрлі хирургиялық жолмен емдеуге балама әдіс. Науқасқа ашық операция жасалмайды. Яғни, инвазивті емес, анестезиясыз тәсіл. Мұнда науқас ояу болады. Адамды жатқызамыз да, бір қалыпта қозғалтпай ұстап тұрып, ауру ошағына жоғары дозада сәуле жібереміз. Пациент ештеңе сезбейді, сол ояу қалпында қалады және әрі қарай өзінің күнделікті істерімен айналыса бере алады», — деді Рауан Райымбеков.
Осыған дейін қазақстандық ғалымдар обыр ауруына қарсы препаратты сынаудың жаңа кезеңін бастағаны туралы жаздық.