Қазақстандық дизайнерлердің жұмыстары Еуропалық парламентте таныстырылады

АСТАНА. KAZINFORM — 22 және 23 қыркүйекте Еуропалық парламентте Орталық Азиядан келген дәстүрлі зергерлік бұйымдар мен киім дизайнерлерінің жұмыстарының көрмесі өтеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Қазақстандық дизайнерлердің жұмыстары Еуролық парламентте таныстырылады
Фото: Арнұр Рахымбеков/Kazinform

Бұл шара Орталық Азия елдерінің дизайнерлері мен шығармашылық жолындағы адамдардың аймақ мәдениетін Еуропада көрсетуге бағытталған бастамасы болатын екінші Орталық Азия Еуропалық Шығармашылық форумының бөлігі.

Форумның бастамашысы Елена Ван Харитонованың баяндауынша, бұл Орталық Азияның Еуропалық шығармашылығының екінші форумы. 2024 жылы Орталық Азияның барлық республикасынан, соның ішінде Қазақстаннан 12 дизайнер Бельгияға барып, Еуропалық сыртқы әрекет қызметінде (ЕО дипломатиялық агенттігі), Еуропалық парламентте, Брюссель мен Антверпендегі мұражайларда өз жұмыстары мен жобаларын таныстырды.

— Біздің қатысушылар бес күн бойы біртұтас жасампаз аймақ ретінде Орталық Азияға ерекше назар аудара отырып, мәдени дипломатия және халықаралық мәдени қарым-қатынастар әлеміне енеді. Қатысушылар ЕО сыртқы саясатының негізгі аспектілері мен Еуропалық Парламенттің аймаққа көзқарасы туралы білуге мүмкіндік алады. Мәдени дипломатия — жүрек пен ақыл-ойды жаулап алу, ал халықаралық мәдени байланыс — өзара ынтымақтастық пен мүддеге негізделген өзара іс-әрекет пен сындарлы ынтымақтастық, — деп бөлісті пікірін Елена Ван Харитонова.

Бұл бастама аясында Парижде тұратын қазақстандық зергерлік дизайнер Камилла Флорентинидің жұмыстары таныстырылады. Отандасымыз Францияда 10 жылдан астам уақыт тұрып жатыр. Оның қазақы үлгідегі әшекейлері жергілікті жұртшылықтың сұранысына ие. 

— Қазақтың ою-өрнегі туралы ең алғаш үлкен әжем Талиға Бекхожина айтып берді. Ол танымал опера әншісі және оқытушы, атақты Святослав Рихтердің жұбайы Нина Дорлиактың шәкірті болған, — деп баяндады Камилла Флорентини.

Бүгін және ертең қазақстандық дизайнердің және басқа да орталықазиялық әріптестердің жұмыстары Еуропарламент пен Еуропалық сыртқы әрекет қызметінде таныстырылады. Содан кейін еуропалықтар дизайнерлердің жұмысымен Брюссель мен Антверпенде таныса алады. 

Соңғы жаңалықтар