Дзюдодан қос қазақстандық балуан Гран-при турнирінде жеңімпаз атанды

 АСТАНА. KAZINFORM - Хорватия астанасы Загреб қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінде ел құрамасынан Шерзод Давлатов (60 келі) пен Жанарыс Рахметқали (66 келі) чемпион атанды.

judo
Photo: IJF

Халықаралық турнирде Шерзод финалда әзербайжандық Ахмад Юсифовты жеңді. Кездесу мерзімінен бұрын аяқталды.

Ал Жанарыс Рахметқали финалда британиялық Майкл Фрайердің осал тұсын тапты. Негізгі кезеңде балуандар жеңімпазды анықтай алған жоқ. Ал қосымша кезеңде (golden score) Жанарыс иппон әдісімен қарсыласын қапы қалдырды.

Еске салсақ, бұдан бұрын аталған турнирде қазақстандық Ғалия Тынбаева (48 келі) аталған турнирдің күміс жүлдесіне ие болды.

Ол финалда Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Кого Ваканаға (Жапония) есе жіберді. 

Бүгін елордада асық атудан тұңғыш әлем чемпионаты басталды.