Қазақстандық дзюдошылар Азия чемпионатына аттанды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан дзюдо құрамасы Таиланд астанасы Бангкокта өтетін Азия чемпионатына аттанып кетті. 

Азия чемпионаты
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Бұл турнирге танымал балуандар Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев және Әбиба Әбужақынова қатыспайды. Бапкерлер ұйғарымымен олар алдағы жарыстарға дайындалады.

Құрлықтық дода 25-28 сәуір күндері өтеді. Онда ел намысын 17 татами шебері қорғайды. Беделді бәсекеге 30 елден 300 дзюдошы қатысады деп жоспарланған.

Ұлттық құрама мүшелері Азия чемпионатына дайындалу үшін Астана қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізді.

Ерлер құрамасында Нұрәділ Әлжан (60 келі), Шерзод Давлатов (60 келі), Ержан Еренқайыпов (66 келі), Есет Қуанов (73 келі), Мәди Амангелді (81 келі), Азат Күмісбай (81 келі), Ермахан Әнуарбеков (90 келі), Максим Мейірлан (90 келі) және Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) бар.

Ал әйелдер құрамасында Ғалия Тынбаева (48 келі) және Диана Буркеева (48 келі), Толғанай Әбеуова (52 келі), Бақыт Құсақбаева (57 келі), Эсмигүл Куюлова (63 келі), Кристина Сотникова (70 келі), Назгүл Маратова (78 келіден жоғары), Ақерке Рамазанова (78 келіден жоғары) сынды балуандарға сенім артамыз. 

Еске салсақ, мамыр айында Астанада дзюдодан әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өтеді. 

Соңғы жаңалықтар