Қазақстандық екі ауыр атлет Дохадағы іріктеу турниріне қатысады

АСТАНА. KAZINFORM — 7-16 желтоқсан аралығында Қатардың Доха қаласында ауыр атлетикадан 2028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі өтеді.

Қазақстандық екі ауыр атлет Дохадағы іріктеу турниріне қатысады
Фото: ҚР ҰОК

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) жариялаған қатысушылардың алдын ала тізіміне сәйкес, Қазақстан атынан екі спортшы бақ сынайды.

Алексей Чуркин 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетсе, Любовь Ковальчук 86 келіден жоғары салмақта сынға түседі.

Аталған турнир Олимпиадаға іріктеу кезеңдерінің бірі болмақ. Спортшылар мұнда рейтингтік ұпай жинап, сол ұпайлар 2028 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама бөлуде есепке алынады.

Айта кетейік, қатысушылар тізімі әлі нақты емес. Сондықтан жарыс басталғанға дейін оған өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатының алғашқы жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталғанын хабарлағанбыз.