Қазақстандық екі маман халықаралық теннис төрешісі мәртебесін алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннис төрешілері Дамир Дүйсенбаев пен Эльвира Исламғалиева Бахрейнде Халықаралық теннис федерациясынан (ITF) White Badge Chair Umpire ақ белгісін алды.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, бұл олардың мінбедегі халықаралық төреші мәртебесіне өткендігін білдіреді.
Д.Дүйсенбаев пен Э.Исламғалиева Қазақстан теннис федерациясы ұйымдастырған ұлттық және халықаралық турнирлерде өздерін жақсы қырынан көрсетіп, біліктіліктерін таныта білді. Бұл ITF тарапынан елеусіз қалған жоқ. Енді олар ITF World Tennis Tour және ATP Challenger жарыстарында мінбедегі төреші ретінде қазылық ететін болады.
Қазақстаннан бұған дейін Меруерт Кәукеева мен Юлия Игнатченко төрешінің күміс белгісін (Silver Badge) алған еді. Бұл мамандар «Үлкен дулыға» турнирі, Олимпиада және Азия ойындары, сондай-ақ ATP және WTA додаларында төрешілік ете алады.
Өткен жылы Владлена Саменкова қола белгіге (Bronze Badge) қол жеткізді.
Дамир Дүйсенбаев пен Эльвира Исламғалиеваны қосқанда, қазіргі кезде Қазақстанда халықаралық ITF белгісіне ие болған тоғыз төреші бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Меруерт Кәукееваның теннистен төрешінің күміс белгісіне ие болғанын жазған едік.