Қазақстандық екі теннисші Францияда негізгі жарысқа жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Бейбіт Жұқаев пен Михаил Кукушкин Лион (Франция) челленджер турнирінің іріктеу кезеңін сәтті өткізді.

 Бейбіт Жұқаев пен Михаил Кукушкин
Фото: ҰОК

Дүниежүзілік рейтингіде 282-орында тұрған Б.Жұқаев іріктеу сайысының жартылай финалында әлемнің 263-ракеткасы, литвалық Эдас Бутвиласты 6:4, 6:3 есебімен ұтты.

Бейбіт іріктеудің финалында әлемнің 207-ракеткасы, ұлыбританиялық Джордж Лоффагеннен айласын асырды – 6:4, 6:4.

Рейтингіде 317-сатыдағы М.Кукушкин алдымен әлемнің 201-ракеткасы, бельгиялық Жиль-Арно Бэйиді ойсырата жеңді – 6:1, 6:3.

Содан кейін қазақстандық теннисші әлемнің 277-ракеткасы, ресейлік Марат Шариповты жолдан тайдырды – 6:4, 6:4.

Осылайша, негізгі кезеңге жолдама алған Б.Жұқаев алғашқы айналымда әлемнің 100-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруфпен, М.Кукушкин рейтингіде 124-орындағы ұлыбританиялық Билли Харриспен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде үздік бестікке енгенін жазған едік

Сондай-ақ әлемдік рейтингіде Александр Бублик алғаш рет 11-орынға көтерілді.

Соңғы жаңалықтар