Қазақстандық ғалымдар FIGO конгресінде зерттеу нәтижелерін ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Акушерлік және гинекология саласындағы қазақстандық мамандар Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында өтіп жатқан XXV Дүниежүзілік FIGO конгресіне қатысты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Бұл шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 5 мыңнан аса делегат жиналды.
Гинекология және акушерлік бойынша халықаралық федерация конгресіне қазақстандық ғалымдар плацентаның жатыр қабырғасына тығыз бекуі мен тамырланып өсуі нәтижесінде қан кету жағдайларында қолданылатын REBOA (аортаға баллон арқылы реанимациялық эндоваскулярлық окклюзия жасау) технологиясын қолдануға қатысты зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Қазақстандық команда REBOA технологиясын қолдану арқылы қан жоғалтуды 31,6% азайтып, операция кезінде қан құю көлемін орта есеппен 1700 мл-ге қысқартуға және науқастардың 70,4%-ы репродуктивтік функцияны сақтауға болатынын көрсетті. Бұл технологияны енгізу ағзаны сақтап қалу мақсатындағы операцияларды жүргізуге және ауыр акушерлік қан кетулерге байланысты асқынулардың қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
FIGO Дүниежүзілік конгресі — репродуктивті денсаулық саласындағы ең ауқымды халықаралық іс-шаралардың бірі, ол дәрігерлерді, ғалымдарды, акушерлерді және өзге де сала мамандарын біріктіреді.
— Биылғы конгрестің басты тақырыбы — босанғаннан кейінгі қан кетулерге қарсы күрес болды. Бұл — ана өлімінің әлемдегі жетекші себептерінің бірі. FIGO ұйымының президенті, профессор Анн-Беатрис Кихара қазіргі уақытқа дейінгі жетістіктерге қарамастан, ана өлім-жітім көрсеткіші әлі де жоғары екенін, яғни 100 000 тірі туған нәрестеге шаққанда 223 жағдай тіркелетінін атап өтті. Конгресс аясында 5 қазан күнін босанғаннан кейінгі қан кетулерге қарсы күрестің Дүниежүзілік күні (World Postpartum Hemorrhage Day) ретінде бекіту туралы ұсыныс айтылды, — деп жазды ведомство.
Форумның ғылыми бағдарламасы ана мен нәресте денсаулығынан бастап, жыныстық және репродуктивтік денсаулық пен құқықтар, сондай-ақ онкогинекология саласына дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтыды.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде қабылданған шаралар ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік бергенін айтты.