Қазақстандық гимнастшылар әлем кубогында қола медаль алды

АСТАНА. KAZINFORM - Өзбекстан астанасы Ташкентте көркем гимнастикадан әлем кубогының кезеңі мәресіне жетті.

Қазақстандық гимнастшылар әлем кубогында қола медаль алды
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, шешуші жарыс күні Қазақстан құрамасы топтық сында 5 лента жаттығуында үздік үштікті түйіндеді. Команда сапында Жасмин Юнусбаева, Айзере Кенгес, Аида Хәкімжанова, Мадина Мырзабай мен Айзере Нұрмағамбетова өнер көрсетті.

Нәтижесінде Қытай 24.55 баллмен көш бастаса, Польша 23.00 баллмен екінші орын алды. Ал Қазақстан құрамасы 22.20 баллмен үздік үштікті түйіндеді. 

Жекелей сында Айбота Ертайқызы шығыршық жаттығуының финалында 4-орынға жайғасты.
Айта кетсек, сәуір айының басында көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері тағайындалды.

Бұл қызметке Лола Әділбекова келді. Ол - халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионаттарының қатысушысы және 2002 жылғы Азия ойындарының командалық есебінде күміс жүлдегері.

Соңғы жаңалықтар