Қазақстандық гір көтеруден әлем чемпионы министрлікті сотқа берді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық спортшы гір спорты бойынша әлем чемпионы Туризм және спорт министрлігінен төлемақы талап етіп сотқа жүгінді.

Астана қаласының әкімшілік істер сотының хабарлауынша, спортшы Ж. Туризм және спорт министрлігінің сыйақы төлеуден бас тарту әрекетін заңсыз деп санап сотқа жүгінген.
Ол 2021 жылдың қазан айында Будапешт қаласында (Венгрия) гір спорты бойынша әлем чемпионатында екі сайыс бойынша бірінші және үшінші орынға ие болған. Сонымен қатар спортшы - Хива (Өзбекстан) және Чолпон-Ата (Қырғызстан) қалаларында өткен 2023 және 2024 жылдардағы гір спорты бойынша әлем чемпионаттарының жеңімпазы.
- 2024 жылғы қарашада талап қоюшы министрлікке әлем чемпионаттарында жоғарыда көрсетілген жүлделі орындар үшін сыйақы төлеу туралы өтінішпен жүгінген. Министрлік 2023 және 2024 жылдардағы әлем чемпионаты бойынша төлемді жүзеге асыру үшін құжаттарды жіберу туралы акт қабылдаған. Бірақ спортшыға 2021 жылғы әлем чемпионатындағы жүлделі орындар үшін талап қою мерзімін өткізіп алу себебінен төлем жасаудан бас тартылған. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, жауапкер ескіру мерзімін негізсіз қолданды деген қорытындыға келді, - делінген соттың шешімінде.
Сот таратқан ақпаратқа сүйенсек, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1345 қаулысымен бекітілген қағидалардың 4-тармағына сәйкес халықаралық спорттық жарыстың жүлдегерлеріне сыйақы төлеу қарастырылған. Сондықтан талап қоюшы спортшы халықаралық жарыстарда алған жүлделі орындары үшін сыйақы алуға құқығы бар. Осылайша Туризм және спорт министрлігі спортшы халықаралық жарыстарда иеленген жүлделері үшін сыйақы төлейтін болды.
- Апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісті. Сот актілері заңды күшіне енген жоқ,- дейді қалалық соттан.
Айта кетейік, енді Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері де сыйақы алады.