Қазақстандық гуманитарлық көмек Тәжікстанға жетті
АСТАНА.KAZINFORM - 30 қыркүйек күні Душанбеде Тәжікстанға гуманитарлық көмек тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігінің басшылығына 5 мың тонна мазут сертификатын табыс етті.
Қазақстандық дипломат екі елдің стратегиялық қарым-қатынасы аясында Қазақстан басшылығы Тәжікстанға жалпы сомасы 893,7 миллион теңге (шамамен 1,65 миллион доллар) гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын атап өтті.
Гуманитарлық көмек Қазақстанның халықаралық даму агенттігінің (KazAID) көмегімен жеткізілді және энергетикалық қауіпсіздікке қосқан үлесі және қазақ-тәжік ынтымақтастығына тән тату көршілік пен өзара көмектің көрінісі болды.
Соңғы бес жылда Қазақстанның Тәжікстанға көрсеткен гуманитарлық көмегінің көлемі 21 миллион доллардан асты.
Осыған дейін Қазақстанның Ауғанстанға 272 тонна гуманитарлық көмек жөнелткені туралы хабарладық.