Қазақстандық каратэшілер халықаралық турнирде екі алтын жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуде WKF каратэден 5-ші Moscow Karate Universe халықаралық жарысы аяқталды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті хабарлады.
Қазақстан командасы жарыс нәтижесінде 2 алтын, 4 қола медаль еншілеп, жалпы есепте 2-орынға тұрақтады.
Каратэден қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай кумите бағдарламасында 50 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Ол финалда өзбекстандық татами шебері Диёра Пулатованы айқын басымдықпен жеңді. Жекпе-жек 5-1 есебімен аяқталды.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2 дүркін Азиада жеңімпазы Софья Берульцева (+68 кг) алтыннан алқа тақты. Отандасымыз ақтық сында Махбуб Башари Атенаға (Иран) еш мүмкіндік қалдырған жоқ.
Гүлмира Үсенова (-55 кг), Айжан Бәкірова (-61 кг), Азия чемпионы Дайяна Даренская (-68 кг) мен Никита Тарнакин (-84 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді.
Үш күнге созылған бәсекеге 40 мемлекеттен 400-ден астам татами шебері жиналды.
Еске сала кетейік, былтыр Қазақстан спортшылары турнирде 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленген еді.
Айта кетейік, бұған дейін Сұңқар Қанибек Польшада өткен кадеттер, жасөспірімдер және жастар арасындағы каратэден әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.