Сұңқар Қанибек жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Польшаның Бельско-Бяла қаласында кадеттер, жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан командасының қоржынына алтын медаль түсті. Бұл туралы Қазақстан каратэ федерациясы хабарлады.
Жасөспірімдер санатында кумите бағдарламасы бойынша 76 келіге дейінгі салмақтағы спортшы Сұңқар Қанибек топ жарды. Отандасымыз финалда Шотландия спортшысы Броди Калленмен бақ сынасып, айқын басымдықпен жеңді. Есеп: 4-0.
Сұңқар Қанибек 2024 жылы дәл осы салмақта әлем чемпионы атанған Әлихан Қадырғалидың жетістігін қайталады.
Айта кетейік, Сұңқар Қанибек Қызылорда каратэ мектебінің шәкірті. Осыған дейін жастар арасындағы А сериясы санатындағы Фуджайра және Гвадалахарадағы жарыста топ жарған.
Бұған дейін Айару Қалысбек кадеттер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Еске салайық, Шұғыла Өмірбек әлем чемпионатында тарихи медаль жеңіп алған болатын.