Қазақстандық қымыз халықаралық марапатқа ие болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық дәстүрлі қымызды заманауи қаптамада ұсыну жобасы халықаралық Pentawards байқауында қола жүлдеге ие болды. Бұл туралы бренд-стратег Ырысты Ерден Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.live» бағдарламасында айтты.

BaiQymyz-2026
Фото: Астана әкімдігі

Маманның айтуынша, халықаралық деңгейде мойындалу команда үшін маңызды жетістік болды. Әсіресе байқаудың ауқымын ескерсек, бұл марапаттың маңызы зор. Pentawards сыйлығының 20-шы мерейтойлық байқауына 66 елдің өкілдері қатысып, екі мыңға жуық өтінім түскен. Олардың 20 пайызынан азы ғана марапатқа ие болған.

— Бұл біз үшін өте маңызды марапат. Оны брендинг әлеміндегі «Оскармен» салыстыруға болады. Бұған дейін көктемде Нью-Йоркте өтетін, өзіндік «Алтын глобус» саналатын Dieline сыйлығын алған едік. Қымыз сияқты өніммен қатарынан екі марапатқа ие болу біз үшін үлкен жетістік, — деді Ырысты Ерден.

Оның айтуынша, жоба бастапқыда халықаралық байқауларға қатысу мақсатында қолға алынбаған. Команда жергілікті өндірушімен бірлесіп, дәстүрлі сусынның жаңа брендін қалыптастыруға басымдық берген.

— Мен жергілікті өндірушілерді әрдайым қолдаймын. Шынайы өнімдерді, ісіне жан-тәнімен берілген кәсіпкерлерді жақсы көремін. Біз тек өз жұмысымызды сапалы орындауға тырыстық. Кейін ғана жобаны байқауға ұсынуды ұйғардық, — деді бренд-стратег.

 бренд-стратег Ырысты Ерден
Фото: видеодан алынған скрин

Оның сөзінше, жоба оңай болмаған. Себебі қымыз — дәстүрлі сусын, оны заманауи әрі алып жүруге ыңғайлы қаптамада ұсыну тәжірибесі сирек кездеседі. Жұмыс барысында команда бірнеше тұжырымдама әзірлеген. Ал марапатқа ие болған үлгі тапсырыс беруші үшін кейін жүзеге асырылған нұсқадан өзгеше болған.

Ырысты Ерденнің айтуынша, басты мақсат аудиторияға белгілі бір бейнені күштеп таңу емес, қазақстандықтарға жақсы таныс сусынға жаңаша көзқарас қалыптастыру болған.

— Мен адамдарды осы тақырыпта ой бөлісуге шақырғым келді. Сүйікті сусынымызға басқаша қарайық дедік. Оның алып жүруге ыңғайлы болғанын, өзімізбен бірге алып жүре алатынымызды қаладық. Қымызды қайтадан күнделікті өмірімізге енгізейік деген ой болды, — деп түсіндірді ол.

Жоба бойынша жұмыс бір жылға жуық уақытқа созылған. Тұжырымдаманы әзірлеуге бірнеше ай жұмсалып, одан кейін команда тапсырыс берушімен бірлескен жұмысты жалғастырып, брендті дамытуға қолдау көрсеткен.

Бренд-стратег өз жұмысы өнімнің сыртқы бейнесін жасаумен ғана шектелмейтінін де атап өтті. Ол нарықты, тұтынушыларды және өнімнің ерекшеліктерін зерттеп, брендтің бағыты мен негізгі идеясын айқындайды. Ал дизайнерлер мен басқа мамандар осы стратегияны нақты іске асырады.

Бұған дейін қазақстандық қымыз дизайны Нью-Йоркте үздік деп танылғаны туралы жазған едік.