Қазақстандық қобызшы Ләйла Тәжібаева Республика күні қарсаңында қазақстандықтарға ерекше тарту жасады
Қазақстандық қобызшы Ләйла Тәжібаева Республика күні қарсаңында қазақстандықтарға ерекше тарту жасады. Ол биіктен парашютпен секіру барысында қобызбен күй орындады, деп хабарлайды Kazinform.
Қобызшы Ләйла Тәжібаева әуеде Ықыластың «Жезкиік» күйін орындап шықты. Ол Голливудтағы орындаушылық өнер бойынша дүниежүзілік чемпионатта бірнеше алтын медаль иегері атанған.
Аталған жобаны қобызшы Ләйла Тәжібаева мен Қазақстан авиациялық спорт федерациясының вице-президенті Тимофей Меркулов бірлесе жүзеге асырды.
Өнер иесі аталған жобаны жүзеге асыруға тыңғылықты дайындалған. Барлық қауіпсіздік шарасына назар аударылды. Қобыз құлап кетпеуі үшін арнайы мықтап бекітілді. Аспап өнер иесінің қолынан түсіп кеткен жағдайдың өзінде жерде және әуеде ешкімге зиянын тигізбейтін еді.
Парашютпен секіру 3500 метр биіктікте орындалды.
- Біз Гиннестің рекордтар кітабына ену мақсатында парашютпен секіру барысында қобызбен күй тартуға шешім қабылдадық. Бұл жаңа тәжірибе. Меніңше, парашютпен секірген адамға бәрі оңай болып көрінеді, - деп атап өтті қобызшы Ләйла Тәжібаева.